Алматының Түрксіб ауданында жаңа аула алаңқайлары пайда болды

20.11.2017 21:05

Түрксіб ауданында жаңа аула алаңқайлары пайда болды. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып отырған шара. Жыл басынан бері бұл ауданда 80 аула жаңартылған. Жаңа орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықтандыру жүйесі орнатылып, спорт алаңдары жасалған. Сейфуллин атындағы саябақта жаңа кейіпке енді.

Бұл аумақ осы уақытқа дейін қаңырап бос тұрған еді. Ескі ойын алаңдарында балалар қанып ойнай алмайтын. Үш үйдің ауласындағы алаңдарды көріктендіру жұмыстары тамыз айының аяғында басталды. Ал қазір футбол алаңында доп теуіп, арнайы жаттығу құрылғыларымен дене ширатуға әбден болады.

Түрксіб ауданының 80 ауласында жаңа ойын алаңдары пайда болды. Келер жылы тағы жүзі жаңартылады. Қазір қажетті жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Жалпы, Түрксіб ауданында 500-ден аса аула болса, оның жартысы күрделі жөндеуді талап етеді екен.

Жұлдыз ықшам ауданында да отбасымен демалатын орын болады. Мұнда жүргіншілерге арналған көлемді күрделі жөндеу жүргізілмек. Жолдар мен пайдасыз тұрақтардың орнын серуендейтін аймақ пен веложол алмастырады. Шағын архитектуралық нысандар, орындықтар мен шамдар саябақтың көркін арттырмақ. 

«Қазір ағаш егіп жатырмыз. Сол бітіргеннен кейін, толықтай аяқтаймыз. 170 миллион бөлінді, соның 140 миллионы орындалды. Қалғаны жыл аяғына дейін орындалады»,-деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары, Болат БАЙДІЛДАЕВ.

Келер жылы орындалатын жұмыстар "Алтай 2" шағын ауданында да 57 ескі үйді сүріп, орнына жайлы көпқабатты үйлер тұрғызылмақ. Олармен бірге балалар ойнайтын алаңдар да салынады. Үлкен құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтуде.

Азамат Әуезхан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы