1 миллиард доллардан астам қаражат бар, бірақ біз сыртқы нарыққа тәуелдіміз. Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин игерілмей қалған ақшаға байланысты осылай деп өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бюджетті оңды-солды шашуды доғару керек. Өйткені жыл соңында жұмсалмаған қаражаттан құтылу үшін квазимемлекеттік секторға немесе ұлттық компаниялардың капиталына аудара салу дәстүрге айналып барады. Айта кетейік, мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы есебі тыңдалды. Мәжіліс төрағасының және депутаттардың шамына тиген мәселе кей квазимемлекеттік сектор субьектілері шотында қомақты қаражаты бола тұра, қайтадан миллиардтаған қаржы сұрайды. Бұл келер жылы қаржыладырылатын көлемді сақтап қалу үшін жасалатын әрекет көрінеді. Ал мемлекеттік орындар бұған көзжұма қарап, бәріне келісе кетеді. Өйткені игерілген қаржы туралы есеп беруде олар үшін де осы әдіс тиімді болып отыр дегенді алға тартты мәжіліс спикері.
«Мемлекеттік қаржының жұмсалуы туралы жауапкершілікті ешкім өз мойнына алғысы келмейді. Осындай дүрдараздықтың туындайтыны содан. Мен ойлаймын, бюджетті қалай болса солай, айламен жұмсағанды қою керек. Өйткені, жыл аяғында, есеп беру қарсаңында жұмсалмай қалған қаражатты квазимемлекеттік сектор субьектілеріне немесе ұлттық компаниялардың еншілес өкілдеріне беру басталады», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Мәжіліс төрағасы Ұлттық экономика мен қаржы министріне квазимемлекеттік секторды қаржыландыруда жаңа механизмді ойластыру қажеттігін айтты. Қалған ақша қосымша жүк болмауы үшін бюджеттік бағдарлама әкімшілігі жауапкершілігін арттыру да сөз болды. Айта кетейік, отырыс барысында Ұлттық экономика министрі жаңа заң жобасының тұжырымдамасымен таныстырды. Ол құжатта бюджетті толық игеру мәселесі жан-жақты қарастырылыпты.