Елбасы Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады

30.08.2018 17:29

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел халқын Конституция күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Аkorda.kz.

«Қымбатты отандастар! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Еліміздің Ата заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тарихи дамуымыздың жалпыұлттық бағдарын айқындауда басты мәнге ие болып отырғанын дәлелдеді.

Конституция мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қалай отырып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстан қоғамын біріктіруге зор үлес қосты.

Ата заңымызда жарияланған заң үстемдігі, құқықтар мен бостандықтардың мүлтіксіз сақталу қағидаттары, әлеуметтік кепілдіктер мен жалпы адамзатқа ортақ жоғары құндылықтар әрбір азаматтың жанына жақын әрі түсінікті», – делінген Елбасының құттықтауында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргі кезеңдегі қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың конституциялық нормалары - бүкіл Қазақстан халқы үшін сенімді болашақты қамтамасыз ететін дәйекті даму мен жаңғыру үдерістерінің негізі екенін атап өтті.

«Осы мерекеге орай барша қазақстандықтарға бейбіт өмір, игі бастамалар мен бақ-береке тілеймін!», – деді Н.Назарбаев.