Алматы облысының Алмалыбақ ауылында 30 шақты үйдің жертөлесін су басып кетті. Тұрғындардың сөзінше, көтерілген жер асты суы қыркүйек айынан бері әбігерге түсірген. Жергілікті әкімдікке де талай шағым жазған. Қарасай аудандық әкімдігінің мамандары су басқан үйлерді аралап, жағдаймен танысқан. Кездесуде судың көтерілу себеп-салдарын анықтау үшін өз ұсыныстарын айтты.
Сұлтанбек Қайырбеков үйін тұрғызып, биыл қоныстануға бекінген. Алайда күзден бері көтерілген жер асты суының салдарынан бұл ойы жүзеге аспай отыр. Қазір құрылысқа қажетті құралдарды, су сорғыш құрылғыға алмастырған. Жертөледе жиналған суды күніне бірнеше рет шығарып тастаса да, ол қайта-қайта жиналып жатыр, дейді.
«Көршілермен күнделікті шығып уайым қыламыз. Не істесек болады деп? Осы жерде арықтың жолынан кіші дренаж құрып, лотокқа тастап тұрсақ, жақсы болар еді деп келісіп жатырмыз», - деді Алмалыбақ ауылының тұрғыны Сұлтанбек ҚАЙЫРБЕКОВ.
Шұғыла көшесіндегі тұрғындардың үйлерінің жертөлелерін су басуы 2 айдан бері жалғасып келеді. Оны шығару үшін тұрғындар мынадай су сорғыш құрылғыларын бірнеше рет іске қосады. Дамылсыз істегендіктен істеп шығып жатқандары да аз емес.
Қайрат Айтқұловтың осымен екінші су сорғыш құрылғысы жарамай қалған. Сондықтан ол жертөледе жиналған суды шелекпен тасуға мәжбүр.
«Бұл мәселе биылдан басталды. Осы су деген жертөленің деңгейіне жарты метр жерге жетпей тұр. Су деген кетпейді. Мен ғана емес, бүкіл көшенің тұрғындарының бәрінің жертөлесі көгеріп жатыр», - деді Алмалыбақ ауылының тұрғыны Қайрат АЙТҚҰЛОВ.
Алматы облысындағы Алмалыбақ ауылындағы Шұғыла көшесінде 30 үйдің жертөлесін су басып жатыр. Тұрғындар бұл мәселе бойынша жергілікті әкімдікке талай рет шағым түсірген.
«Бұл мәселені қадағалап отырмыз да. Себебі ең бірінші көтерілген кезде біздің әкімшілікке келіп, жаңағы жағдайларын айтып арызданған. Әрине, біз шығып, қарадық, анықтадық. Біз бір жерде құбыр жарылған шығар деп ойладық. Бір үй емес, бүкіл көшенің үйінде сондай жағдай екен. Аудандық төтенше жағдай қызметкерлерін шақырдық. Бәріміз бір шешімге келдік, анықталды, жер асты суы екен», - деді Қарасай ауданы ұмтыл ауылдық округының бас маманы Алмат ҚАЛАБАЕВ.
Бұл телім тұрғындарға негізінен жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін ғана берілген. Сондықтан ат шаптырым аумаққа үй салып тастаған адамдарға көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен ақша бөлінбейді. Есесіне, әкімшілік қызметкерлері іске тәуелсіз гидрологтарды жұмылдыруды көздеп отыр. Енді гидрологтар жер астынан неліктен су шығып жатқанын анықтайды.
Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы