Онкологиялық дертке шалдыққан балаларға арналған «Smart School» сыныбы ашылды

08.06.2018 18:41

Қатерлі дертке шалдыққан балалар қатарластарынан кем болмауы қажет. Олар ем-дом қабылдап жүріп, ойын-сауықтан шектелмеуі шарт. Осыны ескерген қайырымды топ, ісікпен күресіп жүрген бүлдіршіндерге арнап арнайы "смарт сынып" ашуға септесті.

Әлиманың фарингит - деген диагнозын емдеп жүргенде, оның қатерлі ісік болтындығынан бейхабар болған ата-ана көзге ісіктің өзі көрінбейінше, алаңсыз болыпты. Хирургтың қарауынан кейін, обыр дертіне күдік ұялап, аты жаман аурудың жабысқаны расталған. Содан бері тоғыз ай өтті. Баланың беті бері қарап, қайта салмақ қоса бастаған. Обыр дертіне дес бермей келе жатқан Әлима қыздың көңілі бүгін көтеріңкі. Оған ауруханада «ақылды сыныптың» ашылғаны себеп. Инновациялық бөлмеде балалар жалпы пәндерді ғана меңгеріп қоймай, шахмат, сурет салу, құлтемір құрастыру сынды сүйікті істерімен айналыспақ. Оған қоса, музыка мен ертегілердің көмегімен арнайы терапия сеанстары өткізіледі.

«Осындай смарт мектеп ашылды. Осындай аурумен күресіп жатқанда бұл өте жақсы. Барлық ата-аналардың атынан рақмет айтамын. Өз құрбы-құрдастарынан қалмай, балаларымыз осы жерде сабақ оқып, бос уақыттарын да шахмат, шашки ойнайды. Компьютерлік ағылшын тілін жалпы көптеген еңбекқор сабақтары болады екен»,-деді Гаухар ЕГЕМБАЕВА.

Осылайша, баланың ойын ойынмен аулау арқылы аурудан құлан-таза айықтыруға септігі тиеді деп күтеді ата-аналар. Бұған дейін, мектеп жасындағы оқушыларға сабақты ұстаздары келіп түсіндіріп кетіп жүрген. Ал қалған уақытын жасөспірімдер  тиімді пайдалана алмаса керек. Жылдап ем қабылдайтын балалар үшін ашылған сыныптың пайдасы тимесе зияны жоқ дейді дәрігерлер. Қазір бұл орталықта 115 науқас қатерлі ісіктің көзін жою үшін  күресуде. Денеге кенедей жабысқан  дерттен дер кезінде құтылу үшін, баланың көңілі жайлы болуы маңызды дейді мамандар.

«Баланың жағымды әсер алуы жалпы баланың емделуіне, көп-көп мүмкіндік әсер береді деп ойлаймыз. Бала бес жылдың ішінде ауру қайталанбай бақылауда болып бәрі жақсы болып тұрса онда, бала толығымен жазылды,-деп есептейміз. 25 жыл бұрын біздің орталықта жедел лейкоз  - деген диагнозды емдей бастағанбыз неміс протоколдарымен. Содан бері есептесек, 70 пайыздан астам бала толығымен жазылып, қазір жақсы өмір сүріп жатыр»,-деді ҚР ДСМ педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Ләззат МАНЖУОВА.

Дәрігерлер рак дауасыз дерт емес,-дейді. Аты жаман ауруға шалдығатын 3 жасқа дейінгі балардың 40 пайызы - дерттің қатерлі түрімен ауырады екен. Көбінесе, шақалақтар осындай диагнозбен туылады,-дейді дәрігерлер. Отандық хирургтар бала өмірін сақтап қалу үшін жыл сайын жасайтын операцияның санын арттыруда. Былтыр 46 жеткіншектің жілік майын ауыстырса, 2016 жылы 16 бүлдіршіннің өмірі құтқарылған. Ал еліміз бойынша, ақ қан ауруына 170 бүлдіршін шалдығады екен. Оның шамамен 86 пайызы айығып кетеді. Ал жыл сайын обыр дертіне душар болған бала саны 500-ден түспей тұр.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әрсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы.