Отандық кинологтар шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты

19.03.2018 15:20

Отандық кинологтар шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты. Алматы облысындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде еліміздің әр өңірінен келген иісшіл иттер есірткі табудың оңтайлы әдісін үйренді. Оған қоса, АҚШ-тан келген нұсқаушылар аязды күндер мен 40 градустық ыстықта иттерді баулу және бейімдеу тәжірибесімен бөлісті. 4 аптаға жалғасқан оқу-жаттығудан сарбаздар не үйренді?

Алматы облысындағы Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімі тура құдды бір кино алаңына айналғандай. Сценарий бойынша, жол талғамайтын мына көлік тәртіп сақшыларының күдігін тудырады. Сарбаздармен бірге қызметтік тексеріске кіріскен иісшіл ит көзді ашып жұмғанша темір тұлпардың ішінен есірткіні тауып алды. Ал тыйым салынған затты заңсыз алып өтпек болған азамат әскерилерге қарсылық көрсетіп, қашпақ болды. Тек оған үйретілген төбет жол бермеді. Қылмыскер алысқа кете алмай, бірден қолға түсті.

Бір қызығы, иісшіл иттердің басым бөлігі  тек қазақша бұйрықты түсінеді.

Көптеген қылмыскерді әшкерелеген мына ит кіп-кішкентай болғанымен, иіс сезу қабілеті мықты. Қызметте жүргеніне 6 жылға жуықтаған төбет Қазақстан бойынша есірткі іздеуден өткен жарыста жүлделі орындарды ешқайсысына бермей келеді. Иесінің айтуынша, ит бала секілді. Мақтағанды, доппен ойнағанды ұнатады, дейді. 

6 жастағы лақап аты «Мурка» есімді ақылды ит Шымкенттен Алматы облысына арнайы келіпті. Осыған дейін ол есірткінің 2 түрінің иісін бірден сезіп, тауып алуға дағдыланған. Енді бұл сан 5-ке дейін жетіп отыр. Өйткені, АҚШ-тан келген мамандар оның басқа да түрлерін арнайы әкеліпті.

«Итіміздің біліктілігін, өзіміздің біліктілігіміз артты. Итіміз жақсы нәрселер үйренді. Алар нәрсеміз көп. Соны Шымкент қаласына барып, көрсетіп, үйретіп, ары қарай осы жұмысымды жалғастыра береміз. Ол жерде аудармышылар болды. Аударып, жақсы бізге жеткізіп отырды. Керек нәрселерімізді өзіміз үйрендік», - деді Шымкент қаласы №6698 әскери бөлімінің сержанты  Дәурен СӘДУАҚАСОВ.

АҚШ-тан келген нұсқаушылар отандық кинологтардың қызметіне жақсы баға берді. Тек қарым-қабілетті шыңдап, тәжірибе алмасудың артығы жоқ, дейді. Жалпы америкалықтар дәл осы иісшіл иттерді есірткі табуға үйретуде өзгелерден озық тұр. Олардың көмегіне Қазақстаннан бөлек, Орталық Азияның өзге де елдерінің мамандары жүгініпті. Ал 4 апталық курс тәмамдалып, сарбаздарға сертификаттар табысталды.

«Біз осында жоқ есірткі түрлерінің иісін әкелдік. Бұл иіс сол заттың айна қатесіз көшірмесі десек те болады. Оның қатарында кокаин, героин, марихуана, амфетамин мен экстази бар. 1 ай көлемінде тек теория жүзінде емес, тәжірибе де өткіздік. Мәселен, кинологтар жиналып, адам көп шоғырланатын Алматының темір жол вокзалына, қоймаларға бардық», - деді кинолог-нұсқаушы Брюс ГУДЛЭЙ (АҚШ).

Былтыр Ұлттық ұлан қызметіндегі иісшіл иттер есірткі алып өтпек болған 56 оқиғаның ізін кесіп, 103 келі наркотикалық затты тәркілепті. Қабілеті күшейген қарауылдаушы иттердің көмегімен кинологтар халыққа  қасіреті көп есірткілердің жолын көбірек кесеміз деп отыр.    


Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев  «Алматы» телеарнасы