Алматыдағы қонақ үй, хостел мен мейрамханалар сапа мен ерекшелік белгісін ала алады

04.11.2016 17:05
Универсиадамен мақұлданған. Алматыдағы қонақ үй, хостел мен мейрамханалар сапа мен ерекшелік белгісін ала алады. Дүбірлі додаға келетін 30 мың туристке "универсиадамен мақұлданған" орындар туралы нұсқаулық беріледі. Оны қалай алуға болады?

Осындай белгіні  «рекомендед бай юниверсиэйд» серіктестік бағдарламасына өтініш білдірген демалу орындарының алуына мүмкіндік бар. Бірақ бұған дейін нысанды арнайы комиссия бағалайды. Бүгінде бағдарламаға қатысушыларды таңдауда арнайы талаптар жасалған.  

"Іріктеу кезеңінде балдық жүйе бойынша таңдалады. Серіктестік дәрежесіне байланысты алтын серіктес, күміс серіктес және қола серіктес болып бөлінеді",- деді Алматы рестораторлары альянсы жетекшісінің орынбасары, Жанна АҚТАЕВА.
 
Мұндай қонақ үй «алтын серіктес» дәрежесін алуы мүмкін. Бірақ жоғары интерьер мен элиталық тағамдардың болуы шарт емес. «Универсиадамен мақұлданған » Бағдарламасына қарапайым кафе де қатыса алады.

"Алғашқы нәтижені біз қараша айының аяғында алуымыз керек. Ниет білдіргендер саны аз болуы мүмкін, бірақ, олар қойылған талаптарға сай болуы керек. Ал желтоқсан айының ортасында жобаның барлық қатысушылары белгіленген арнайы картаны жасауымыз керек",- деді Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының жетекшісі, Тимур ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ.
 
2017 жылы өтетін қысқы Универсиада ойындарына 5000-ға жуық спортшы, жаттықтырушы мен төрешілер және 30 мың турист келеді,- деп күтілуде. Олардың барлығы арнайы жол нұсқаушымен жарақтандырылады. Нысандардың барлығы «Универсиадамен мақұлданған» дәрежесімен белгіленеді. Ал дүбірлі додадан кейін, бағдарлама «Алматыквалити» брендімен жалғасын таппақ.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы