Қазақстанға қырғыз республикасының кедендегі кемшіліктерін реттеуге байланысты ресми жауап келген жоқ. Еліміздің қаржы министрлігінің өкілі осылай деді. Оның сөзіне сенсек, біздің тарап қос елдің арасындағы қарым-қатынасты жөнге келтіру үшін барлық жағдайды жасап келеді. Мысалы, өткен жылы біздің Қазақстаннан бауырлас елге арнайы жұмыс тобы барып, ортадағы алаңдатын мәселелерді жеткізген. Дегенмен, содан бері еш өзгеріс жоқ екендігін де қоса кетті маман.
«Бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Өткен жылдары да қырғыз тарапымен бірнеше рет талқыланған. Еуразиялық экономикалық комиссияға ерекше тапсырма беріліп, олардың баяндауы бойынша қырғыз тарапының кеден саласына қатысты кемшіліктері мен бұзушылықтары дәлелденген. Ол анық. Демек, бұл Қазақстанның өздігінен шығарып алған шешімі емес. Ендігі кезекте мұны шешудің қандай жолы бар? Ол - Қырғыз Республикасының кеден қызметімен бірлесе жұмыс атқару», - деді ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман ӘМРИН.