ҚазҰАУ-дің жатақханасында қаза тапқан студенттен күдікті ақша бопсалауы мүмкін

18.04.2017 16:32

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің жатақханасындағы төбелестен қайтыс болған студент Дидар Болысбектен Тойчибек Асамов ақша бопсалаған болуы мүмкін. Бұл мәліметті Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлап отыр. Қазір Дидар Болысбектің өліміне қатысы бар деген күдіктіге екі ай мерзімге бұлтартпау шарасы тағайындалған. Үкімді Бостандық ауданының нөмірі 2-ші сотының судьясы Әділ Бакин шығарды. Енді күдікті Тойчибек Асамов 12-ші маусымға дейін тергеу изоляторында болады.

«Қаланың Бостандық ауданының нөмірі 2-ші соты күдікті Тойчибек Асамовқа 2 айға қамауға алуға үкім шығарды. Қазіргі таңда аталған  дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі яғни «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» және 194-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша жүргізіліп жатыр», - деді  қалалық сот баспасөз қызметінің басшысы Диас МАХАМБЕТОВ.

Күдікті университеттің 20 жастағы студенті болып шықты. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасын тәртіп сақшылары 12-ші сәуір күні ұстаған. Еске сала кетейік, жатақханада болған жаппай төбелестен 17 жастағы студент қайтыс болған еді. Ал болған жайтқа Дидар Болысбектің туған-туыстары университет басшылығын кінәлап отыр.

«Алматыдағы Аграрлық университте осындай сорақылықтың болатынын көп адамнан естимін. Бәрі онда оқу мүмкін емес, күн сайын жатақханада төбелес, күнде біреуді ұрып кетеді деп айтады. Дидарда бәрі дұрыс еді. Олай болмаған жағдайда баламыз Таразға әр демалыс келмес еді ғой. Біз оған қосымша ақша беріп жүретінбіз. Бірақ оған ол да жетпейтін», - деді Д.Болысбектің ағасы Жарас АТЫҒАЕВ.