Баум тоғайы жаңа кейіпке енеді. 139 гектар аумақты алып жатқан ғасырлық тарихы бар табиғи бақ Алматы қаласының меншігіне берілді. Алдымен ағаштардың санитарлық жағдайы ескеріліп, қураған бұталар кесіледі. Орнына жаңа көшеттер отырғызылады. Қазіргі таңда жасыл алқапта 105 мыңнан астам ағаш бар. Айта кетейік соңғы рет санақ жұмыстары 2009 жылы жүргізілген.
«Мәслихатқа ұсыныс тастадық. Қаржы сұратып жатырмыз. Сметалық құжат жасатып жатырмыз. Құжат жасалып, қаржы бөлінгеннен кейін ол жерге үлкен жұмыстар жүргізіледі. Көріктендіру, тазалау, ағаштарын зерттеу емдеу жұмыстары жүргізіледі», - деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Мұрат ЖЕКСЕМБАЕВ.
Сонымен қатар, тоғайды суару жүйесі де қолға алынбақ. Демалатын орындар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, жолдарды жарықтандыру мәселесі де шешімін табады. Көріктендіруден басқа негізгі мәселе осындағы қылмыстың көптігі. Себебі, инспекторлар кешкі сағат 6-дан кейін күзетпейді. Тек бекет қана қалады екен. Ал тас-қараңғыда орманды аралаудың өзі қорқынышты. Жауаптылар бұл мәселені тәртіп сақшыларымен бірге шешеміз, дейді.
«Жарықтандыру жұмыстары, ең басты соны бастаймыз. Азаматтардың жүретін жерінде. Өзіміз білеміз, ең басты қылмыс жасайтын орынға айналды», - деді «Медеу» өңірлік табиғи паркі директорының орынбасары Арман ШАТЫРБЕКОВ.