Кешқұрым көшеде жүретін оқушыларға рейд басталды

04.11.2016 17:15

Кешқұрым көшеде жүретін оқушыларға рейд басталды. Жергілікті полициясы қызметінің ювеналды полиция қызметкерлері қарашаның 1-нен 11-і аралығында «Жасөспірім» шарасын өткізеді.

Жасөспірімдермен жасалатын қылмыстың алдын алу масатында ұйымдастырылған бұл шара жыл басынан бері 13 рет өткізіліп отыр. Түнгі 22.00-ден кейін ата-анасының рұқсатынсыз қоғамдық ойын-сауық орындарында кәмелет жасына толмағандар болмауы керек. Сондықтан да мұндай рейдтер ұдайы өткізіледі. Құзырлылардың айтуынша жасөспірімдер арасында жасалатын қылмыстың 50 пайызы өзге өңірден келетін жастардың қатысуымен орын алады.

«Осындай іс-шаралар 2016 жылдың қаңтар айынан бастап 13 үлкен масштабта жүргізілді. 1қарашадан 11қараша аралығында жүргізіліп тұрған шара «Жасөспірім» деп аталады. Бұл іс-шара мектеп демалысы кезінде орын алып отыр. Кәселетке толмағандардың арасындағы қылмыстың алдын алу үшін», - деді Алматы қаласы Бостандық ауданы ІІБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Бақытжан ОРАЗОВ.

Жыл басынан бері балаларына ие болмаған 3000 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірінеші рет ескерту, екінші рет қайталанса, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ойын-сауық орындарының әкімшілігі де назардан тыс қалмайды. Ағымдағы жылдың 10 айында 50 заңды тұлға оқушыларды түнгі уақытта кіргізгендері үшін әкімшілік жауапкершілікке жазаға іліккен.

Алматы қаласы ІІД ювеналды полиция қызметкерлері мұндай шараларды жиі ұйымдастырып тұрады. Содан болар түнгі 10-нан кейін ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің бірең-сараңын ғана анықтады. Бұл жасалып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесі.

Тәртіп сақшылары бірнеше интернет ойын клубтарын аралаған мен бір түнде кәмелет жасқа толмағандардың екеуін ғана құрықтады. Енді олардың ата-аналары әзірге ескертумен шектеледі.

«Біріншіден, бұл жерде кәмелеттік жасқа толмағанның ата-анасы әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442 бабының 1-ші тармағын бұзып отыр. Ата-анасы ескертіледі. Екіншіден, осы ойын-сауық кешенінің әкімшілігі әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 132-ші бабының бұзып отыр. Соған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, шешімі сот арқылы қабылданады», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданы ІІБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Құралай БАЙДІЛДАЕВА.

Бүгінде балаларына көңіл аудармайтындардың қатары сонда да азаймай отыр. Жыл басынан бері 30-ға жуық ата-ана бала тәрбиелеу құқықтарынан айырылған. 115 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ювеналды полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл тек шекті жағдайларда ғана қолданылады.

Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы