Алматыда полиция көлігі қағып кеткен Даниил Ковалевтің беті бері қарады

15.03.2017 16:14

Полиция көлігі қағып кеткен 9 жасар Даниил Ковалевтің беті бері қарады. Емханаға жедел жеткізілген жеткіншекке дәрігерлер бірден ота жасапты. Аяғының сүйегі қос жерінен сынған баланың қазір жағдайы қалыпты. Ал, жасөспірімді көлікпен қаққан полицей қызметінен аластатылды. Дегенмен, осы оқиғадан кейін Жангелдин көшесін кесіп өтетін ата-аналар мен балалар әлі де зәрезап күйде жүр.

Полицейлер 9 жасар Даниил Ковалевті алдымен 4-ші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізген. Онда қажетті тексерілуден өткен соң, жеткіншек травматология бөліміне жатқызылыпты. Дәрігерлер баланың жарақатын орташа деп бағалап отыр. Ал ауруханадан қашан шығатыны белгісіз. Өйткені, жеткіншекке қазір жоспарлы ем жүргізілуде. 

«Науқас 2-ші травматологиялық жатқызылды. Қазір жатқызылған кезде ол жарақат алған балаға склетное вытяжение деген ота жасалды. Бұл кіші операцияға жатады. Жағдайы жақсарып келе жатыр. Түнді тыныш өткізді. Құсу, бас айналу болған жоқ»,- деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы, Нұржан ИСАБЕКОВ.

Апат болған Жангелдин көшесінен көліктер еш үзілмейді. Жол қос бағытқа арналғанымен, алғашқы жолағымен тек автобустар ғана жүйіткиді. Жаға ұстатар жайттан кейін, төңіректегі тұрғындар жолдан өтуден жүрексініп қалған.

«Осы жерден 4 рет өтемін. Кейде бер жақтағы мәшине тоқтап тұрса, ар жағынан обгон жасап екіншісі өтіп кетеді. Қорқып бала тұрмақ өзіміз әрең өтеміз. Кішкене балалар бар, ата-анасының бәрі жұмыста. Олар өздері келіп, өздері кетіп жүреді»,- деді Тұрғын, Сәмен БОҚАЙҚЫЗЫ.

Ал Даниил оқитын нөмірі 102-ші мектептің директоры балаларға күнделікті жол жүру ережесін үйрететіндігін айтып отыр. Қызметіне тағайындалған 4 жылдың ішінде бірнеше мәрте құзырлы органдарға көшеге бағдаршам немесе өткел қоюды сұрап, хат жазған. Алайда, базаналарына құлақ түрген жауапты сол күйі  табылмады.         

«Бұл жерде  болып тұрады негізі. Көбінесе көлік қатты жүреді. Мен бұған байланысты ата-аналардың талабымен өтінішімен хаттар жібергем. Жол-полициясына. Олардан жауап келді. Жауап бермейміз деген»,- деді Алматы қаласы №102 жалпы білім беретін мектептің директоры, Бақытбек АРПАБЕКОВ. 

Осы оқиғадан кейін, көлік тізгіндеген полицей Ішкі Істер органдарынан қуылды. Жанында болған әріптесі жұмысынан шеттетіліпті.

Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы