Алматыдағы бизнес орталығын тонағандарды полицейлер анықтады

26.07.2017 16:39

Алматыдағы бизнес орталығын тонаған қарақшылар сол ғимаратта жұмыс істеген қызметкерлер болуы мүмкін. Бұл туралы ішкі істер департаментінің өкілі мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, ұрылар 2 адам болуы ықтимал. Күдіктілер қолға түсіп, кінәләрі дәлелденетін болса, онда олар 7 жылға дейін тар қапасқа қамалуы мүмкін. Әзірге, қарақшылардың қандай көлемдегі қаржыны қолды қылғандары белгісіз.

«Біздің пайымдауымызша барлық болжамдарды есепке ала отырып, төмендегідей болжамды алға тартып отырмыз. Жау алыстан келмейді, яғни бизнес орталығының ішіндегі қауіпсіздік шараларын көрінген адам біле қоймас. Сондықтан оны, қандай да бір мәліметті алу арқалы сол ішінде жұмыс істейтін адамдардың бірі жария етуі мүмкін деген болжам бар»,- деді ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.

Еске салайық, Алматыдағы 17 қабатты бизнес орталықтың тоналғаны өткен аптаның тәмам тұсында белгілі болған. Бәзбіреулер бірнеше компания кеңсесіндегі құнды заттар мен қомақты қаражатты үптеп кеткен. Қазір аталған дерек бойынша, 7 адамнан полицейлерге арыз келіп түскен.