Алаяқтық жасады деген күдікпен кәсіпкер Талғат Ақуов ұсталды

30.03.2018 01:40

«Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының» төрағасы ұсталды. Полиция өкілдері осыған дейін іздеуде болған Талғат Ақуовтың қолға түскенін мәлімдеді. Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының мәліметінше, ол өзіне тиесілі қоғамдық ұйымның өркендеуіне ақша құйсаңдар, салған сомаларың бірнеше еселеп қайтады деп кәсіпкерлерді алдап, қомақты көлемде ақша алып келген. Өткен жылдың қыркүйек айында қоғамдық ұйым басшысына қатысты алғашқы шағым түскен болатын. Ақуов Алматыдан ізін суытқан кезде оған іздеу жарияланып, сот бұлтартпау шарасы түріндегі қамауға алу туралы сырттай үкім шығарған еді. Жедел-іздестіру шарасы барысында Ақуов Қарағандыда ұсталып, тергеу шараларын жүргізу үшін Алматыға жеткізілді.

«Азамат Талғат Ақуовқа қатысты Алматы қалалық ІІД тергеу басқармасында бірқатар қылмыстық істер тергелуде. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағы бойынша, яғни аса ірі көлемде алаяқтық қылмыс жасау дерегі бойынша. Азамат Ақуовтан 38 адам зардап шегіп, қазіргі күні полицияға шағым түсірді. Келітірлген залалдың мөлшері әлі есептелу үстінде», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, алданғандардың саны әлі де көбеюі мүмкін. Ақуовтың кінәсі дәлелденсе, ол 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, «Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының» төрағасы Талғат Ақуовқа азаматтардың толассыз шағымдарына байланысты қылмыстық іс аясында іздеу салынған болатын.