Алматыда сәуірде жауған жауын жұртты әлі күнге дейін әбігерге салып отыр. «Алғабас» елді мекенінде 43 үй сазды судың ортасында қалған. Сыздың кесірінен баспаналардың іргетасы сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Борсыған судың кесірінен құты қашқан тұрғындар құтқарушылардан көмек күтіп отыр.
«Алғабас» елді мекенінің Тейіпов көшесіндегі 13 үйдің тұрғыны осылай деп уәж шақты. Алайда, оның зар-мұңын естір құлақ жоқ. Сәуірде бірнеше күн қатарынан жауған жауын мен сазды жердің суы көтеріліп, Дина Келденованың баспанасын жарамсыз еткен. Су ортасында қалған үйдің іргесі сөгіліп, қабырғасы қақыраған. Берекесі қашқан келіншек құтқарушыларға жайғдайын айтып, сан мәрте көмекке шақырыпты. Алайда, олардан қайран болмағасын 8 адамнан тұратын отбасы дүние-мүлкін жинап, туыстарының үйін жағалап кетіпті.
«109, 112-ге хабарласқанмын. Олар келеді, бірақ ешқандай әрекет жасай алмаймыз дейді. Өйткені, бұл суды соратын техникамыз жоқ деп айтты. Үй құлап, тұруға жарамсыз болып қалды. Барлық сасық сулар, саз, балшық сулар менің үйіме келіп тұр», - деді қала тұрғыны Дина КЕЛДЕНОВА.
Берекесі қашқан тұрғын айтып отырған борсыған орын осы. Бұл сайда жер астынан өздігінен су шығып, маңайға жайылады екен. Дина Келденова осыдан 15 жыл бұрын 8 сотық жер сатып алып, үйін тұрғызғанда маңайдың сазды екенінен білмеген. Өйткені, жер астынан су соңғы 2 жылдан бері шыға бастаған. Ал биыл борсыған судың деңгейі тіпті көтеріліп, маңайдың барлығына жайылған. Сорғытылмаған саздың кесірінен кей үйлер қисайып кетсе, кейбірі тіпті опырылып құлап қалған. Ыстық күнге қарамастан, сазды судың кебер түрі жоқ.
Сайдан аққан сасық су мұндағы тұрғындардың барлығын әбден әбігерге салған. Мәселен, 13 үйдің есігінің алдынан аққан лай су мұндағы 26 үйдің есігінің алдына келіп жиналып үлкен көлшікке айналған. Мұндағы тұрғындардың мынадай ұзын етік киіп жүрместен басқа амалы жоқ. Әйтпесе мұнда жүру тіпті мүмкін емес.
Саздың кесірінен мүшкіл күй кешкен тұрғынның бірі Диляра Низамова. Ол баспанасының сыз тартқандығынан, балалары жиі ауыратынын айтады. Десе де, келіншекке ең қиыны күн сайын мүгедек баласын арқалап, дәрігерге апару екен.
«Менің балам мүгедек. Осы көшеде тұрамын. Баламды көтеріп, ана көшеге дейін шығамын. Көтеріп емханаға апарамын, тура осы көшемен суды кешіп өтемін. Инватакси келмейді», - деді қала тұрғыны Диляра НИЗАМОВА.
Борсыған судың ортасында мүшкіл күйге түскен тұрғындардың жағдайынан Алатау ауданының әкімдігі хабардар екен. Мамандардың айтуынша, көктемдегі нөсер мен саздың кесірінен мұндағы 7 көшеде орналасқан 43 үйді су басқан. Жауаптылар, сазды күн сайын сорғытатын көрінеді. Бірақ нәтиже жоқ. Себебі, елді мекеннің мәселесін тек арық жүйесі мен дренаждық жүйе арқылы ғана шешуге болады дейді олар.
«Біз қалалық әкімшілікке хат дайындадық, қажетті құжаттар дайындалды. Ол жерде сол Алғабас елді мекені бойынша Лермонтов, Тейіпов, Бажанов, Соқпақбаев, Момышұлы, Қалдаяқов, Мәметова көшелері бар жалпы ұзындығы 8300 метр болатын сметасын жасадық. Қазір хат дайындап, сол сметаны қалалық әкімдікке жібереміз. Ары қарай қаржы бөлу мәселесі қарастырылмақ, бөлінсе ол жұмыс биыл жоспарланып отыр. Ол жерге арық және дренаж жүйесін салу. Арық, дренаж жүйесін салмаған жағдайда ол жерді жылда су ала береді», - деді Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Ерғали МАХАМБЕТОВ.
Тұрғындар жауапты мамандардың жағдайды жылдам назарға алып, арнайы техника жібергенін күтіп отыр. Ал алда тағы жауын жауса, сыздан қисайып, әзер тұрған үйлер жермен жексен болама деп қауіптенеді.
Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы