Сағынтаев жаңа салынған үйлерде медициналық мекемелер орналастыруды тапсырды

04.09.2018 22:15

Алдын ала қойылған диагноз – «анафилаксиялық шок».  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Астанадағы емханада көз жұмған тағы бір ананың өліміне қатысты түсініктеме берді. Айта кетейік, жас ана жәндік шаққаннан кейін дәрігерлер көмегіне жүгінген. Алайда, емдеу мекемесінен мәйіті шықты. Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр ел тұрғындарының сапалы медициналық көмекке зәру екенін айтты. 

Министр Елжан Біртанов медицина саласындағы баяндамасын алдағы жоспардан бастады. Болашақта алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандардың қызметі кеңейіп, отбасылық дәрігерлер дипломнан кейін тағы да оқуы тиіс болады. Елімізде бір ақ халаттыға екі мыңға жуық адам келеді. Сондықтан олардың жалақысы артады. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап жалпы практика мен бейінді дәрігерлер еңбекақысы келісімді төлеу жүйесіне ауысады.

«Бұл алғашқы медициналық көмек мамандарының жалақы деңгейін 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Алғашқы медициналық көмек дәрігеріне шаққанда қаралатын пациенттер санын 1700 адамға дейін төмендетіп, медициналық мамандардың жүктемесін азайтуды қамтамасыз етеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Бақытжан Сағынтаев аталмыш салада кемшіліктер көп деді. Елдегі денсаулық сақтау желісі дамығанымен, халықтың әлі де сапалы медицинаға зәру екенін алға тартқан Премьер-министр кемшін тұстарды жақсартуды тапсырды. Бұл мәселеде өңірлер де шетте қалмауы керек. Үкімет басшысы медициналық қызметкердің жұмысын жеңілдетіп, сапаны арттырудың тағы бір жайын ұсынды.

«Жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы жұмыс жүргізу, емхана санын көбейту, дәрігерге жүктелген адамдардың санын төмендету… Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінші қабатында шағын емханалар салынғаны жөн. Асқар Ұзақбайұлы, үйлердің жобасын жасаған кезде, бірінші қабаттарда балабақшалар мен шағын медициналық нысандар ашуға мән беру керек. Кәсіпкер инвестиция тартуға ниетті. Осы бағытта жұмыс жүргізу қажет», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Отырыстан кейін Денсаулық сақтау министрі брифинг өткізді. Онда маса шаққаннан кейін көз жұмған 28 жастағы келіншек оқиғасы сөз болды. Аллергиясы бар бола тұра салынған екпеден кейін жас ананың ағзасында «анафилаксиялық шок» болғаны анықталған.  

«№1 қалалық ауруханада әйел адамның көз жұмуы менің бақылауымда. Қазіргі уақытта бізде нақты не болғаны жайлы толық ақпарат бар. Әзірше «анафилаксиялық шок» деген алдын ала диагноз қойылып отыр. Біздің болжамымыз бойынша, бұл жалпы аллергиялық реакция салдарынан орын алған. Қолданылған дәрі-дәрмек құралдары стандарт бойынша, емдеу диагностикасы хаттамасы бойынша қолданылған. Алайда, осындай асқынулар орын алған», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Мамандар артында екі баласы қалған азаматша ем алуға дер кезінде келмей, тек жәндік уы көзінің астын қышытып, ісе бастағанда жүгінгенін алға тартуда.

Ал марқұмның туыстары осылайша ақ халаттылар өздері жіберген қателіктерінен құтылмақшы дейді. Қайтыс болған келіншектің мүрдесін тексерген тәуелсіз сарапшы оның ауруханаға түскенде денсаулығында өлімге әкелетін ешқандай себеп болмағанын растаған. Жастай кеткен жанның жақындары енді Бас прокуратураға қайғылы жағдай бойынша шағымданғалы отыр.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана