Ақмола облысында оқушыны соққыға жыққан әкім 3 жылға сотталуы мүмкін

27.02.2018 02:39

Қорғалжын ауданындағы ауыл әкімі Жанат Омаров мектеп оқушысын соққыға жығып, ауруханадан бір-ақ шығарды. 8-шы сыныпта оқитын Диас Мұқан қазір Астанадағы № 2 ауруханада «мидың шайқалуы» диагнозынан ем алуда. Дәрігерлер оның жағдайы орташа қалыпта десе, жасөпірімнің жақындары ауыл әкімі жасаған әрекетін жасыру үшін ақша ұсынды, дейді.

Барлығы балалардың өзара төбелесінен басталған. Диас Мұқан мектепте інісін әкім баласынан қорғап, араша түседі. Жаға жыртысуды мұғалімдер тоқтатып, тіпті, екеуін татуластырған. Болған оқиғаға Қорғалжын ауылдық округ әкімі Жанат Омаров намыстанып, Диасты интернаттан іздеп барып, соққыға жыққан.

«Отырғанмын, бір кезде есікті үлкен адам теуіп кірді. «Диас деген кім деді?», мен орнымынан тұрып едім, жүгіріп келді де, жағымнан жұдырығымен соқты. Мен тумбочкаға басымды соғып алдым. Мен есімді білмей талып қалдым. Есімді жиған кезде балалар басымнан үш рет теуіп, сол денемнен бір рет теуіпті», - деді Диас МҰҚАН.

Диастың анасы Айгүл Бекжанова баласынан бір елі алыстамайды. Ауруханаға жеткенде Диастың бозарған түрін, саусақтарын қимылдата алмай қалғанын байқадым, дейді. Жағдайы нашар баласынан бөлек, әкімнің тергеу кезінде жасаған әрекеті шошытқан. Ол «арызыңды алып кет» деп, жанжал шығармауын өтінген. Баланың еміне бас- көз болатын мықты профессорлар шақыртып, ақшалай көмек көрсетем деп уәде берген.  

«Бір бөлмеден бір бөлмеге отырғызып қойды. Ешқайда шыққанда жоқпыз. Біз звондап, ешкімге хабарда айта алмадық. Өзіміз есеңгіреу халінде болық. Ал ол, әкіміміз қолында телефон бар кіріп-шығып, анау мен де сөйлесіп, міне, қара деп, бізді де сөйлестеріп, телефонмен жүрді», - деді Диастың анасы Айгүл БЕКЖАНОВА.

«Мен сіздерге көмектесем. Техника, профессор шақыртам. Ақша да берем, 200-300, қанша керек? Біз ештеңе алған жоқпыз», - деді Диастың ағасы Қанат БЕКЖАНОВ.

Парламенттегі балалар құқығына тікелей жауапты өкіл Зағипа Бәлиева болса, бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалды, деді. Ауыл әкімінің мемлекеттік қызметі де осымен аяқталған сияқты. Өйткені, оның іс-әрекетін облыстық тәртіптік кеңес қарастырмақ.

«Менің ойымша, ол кетеді. Себебі, әкім, кім болса да балаға қол жұмсауға болмайды. Ал әкім елге үлгі көрсету керек, елге көмек көрсету керек. Елді қорғау керек. Міндеті - елді қорғау, елдің жағдайын, елдің қамын ойлау. Азамат балаға қол жұмсаса, ол әкім болуға құқығы жоқ»,- деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутатым Зағипа БӘЛИЕВА.

Дәрігерлер жасөпірімнің жағдайы бір қалыпты екендігін айтады. Диас ауруханаға түскен бойда түрлі тексерістер жүргізілген.

«Мидың шайқалуы», «сол жақ иық буынының соғылуы», «дененің сол жұмсақ тәндерінің соғылуы» деген диагноздер қойылды. Қазіргі таңда жағдайы жаман емес баланың. Жағдайы орташа. Ауруды емдеудің протоколына жүгінсек, бұндай аурумен балалар 5-7 күн жатады», - деді Астана қаласы №2 балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Ұлықбек АСЫЛБЕКОВ.

Айгүл Бекжанова әкімнің заң алдында жауап бергенін қалайды. Егерде шенеуніктің қылмысы дәлелденсе, ол 3 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Немесе төрт миллион теңгеден артық айыппұл төлеп, құтылуы ықтимал.