Индустриалдық картаға енген 72 түйткілді жоба Үкіметте талқыланды

01.11.2017 23:46

Индустриалдық картаға енген 72 түйткілді жоба Үкімет қабырғасында талқыланған өзекті мәселелердің біріне айналды. Шенділер алдында есеп берген Инвестициялар және даму министрі 40 жоба шешімін тапқанын хабарлады. Ал өзге жобалардың мәселесін  «Жол картасы» бағдарламасы бойынша шешу көзделген. Демек, бағдарлама шеңберінде өндіріс орындарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қосымша қаржыландырады, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер арқылы несиелеуде және өнімді сатуда қол ұшын созу қажет, дейді Жеңіс Қасымбек. 7 жыл ішінде Индустриалдық карта жобасы бойынша іске қосылған өндіріс орындарының саны мыңнан асқан.

«13 жоба 50 пайызға дейін іске қосылған. Осы бағыт бойынша жергілікті әкімшіліктер бірге өнім көлемін арттыру мақсатында жұмыс жасауда. 8 жоба әзірге тоқтап тұр. 11 жобаның иесі жұмысты әрі қарай жалғастырудан өз еркімен бас тартты. Әкімшіліктермен бірге ол жобалардың бағыт-бағдарын өзгерту жөнінде ақылдасып жатырмыз», - деді  ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Министрдің сөзіне сенсек, жыл соңына дейін тағы 18 өндіріс орны іске қосылмақ. Оған 399 млрд теңге бөлінген. Жоба 6 желтоқсанда халық назарына ұсынылады.