«Баяғы жартас - сол жартас». Қарамағындағы жұмысшыларына жалақысын қайтарамын деген мердігер сол күйі сөзінде тұрмады. Десе де мекеме басшысы кәсібін әрі қарай дөңгелетіп, әлі де жұртты алдамсоқтап келеді-міс. Ал құзырлы органдар мердігерге қатысты сот отырысы өтіп, айлығын алмағандарға ақшасы қайтарылады деп сендірді.
Осыдан үш ай бұрын, яғни өткен жылдың 10 қарашасында жұрт алдында «жұмысшылардың жалақысын қайтарамын» деген серіктестік басшысы Әділ Мамутов әлі күнге сөзінен жалтарып жүргенге ұқсайды. Сол кезде мердігер тек қыркүйек айы бойынша 15 жұмыскерге қарыз екенін айтып, айлықты қайтару туралы кепілхат жазған еді.
«Жұмысшылардың алдында кішкене қарызымыз болып қалды, қыркүйек айында, 15 шақты адам алмаған. Соны 10-шы қарашаға дейін жабуға міндетті түрде кепілдік хат беріп отырмыз»,- деді «Эковата+Қазақстан» ЖШС директоры, Әділ МАМУТОВ.
Мекеме басшысы 15 адамға қарызбын десе, қарамағында жұмыс істегендер, айлығын ала алмай жүрген 80 адам бар екендігін айтуда. 6 ай бойы маңдай терімен тапқан ақшасын өндіре алмаған халық, алданып қалдық деп сан соқты. Тіпті жұмысшыларға жұмысқа алу туралы келісімшартта бермеген екен.
«Алдап келе жатыр, бір ай алмадық, екінші ай алмадық, міне, заказчик ұшып кетті, Астанада, ойбай ол Қытайға кетті, ол жақтан келсін сосын қол қояды, банк істемейді екен, рақмет сендерге осы күнге дейін көніп күттіңдер, барлықтарыңа 4 мың теңге қосып беремін, «премия» деп қояды. Осылай каждый раз солай алдайды. Міне берейін деп жатырмын деп»,- деді Нұржамал ІЛИЯСОВА.
Индустриалды аймақта салынып жатқан мұнай химиясы зауытының құрылысына жұмысшылар қаланың шеткі аймақтарынан ат арылтып келеді екен.
«Сонда мына заводта істеген халықтың еңбегі, маңдай тері емес па?! Алдымыз әлі қыс мысалы, отын, көмір, суын, проезд, бала-шағаң, киім кешегі»,- деді Нұржамал ІЛИЯСОВА.
Құрғақ уәдеге әбден тойған халық әділдік іздеп, құзырлы органдарға арызданған. Мекеме Алматы облысында орналасқандықтан, бұл жағдай бойынша іс облыстық еңбек инспекциясына жіберіліпті. Жақын арада бұл жайт жөнінде сот отырысы өтпек.
«ТОО Эковата-Қазақстан» мекемесіне тексеріс жүргізіліп, тексеру қорытындысында заң бұзушылықтар анықталып,айыппұл салынған болатын. Анықталғандай жұмысшыларға берешек қарызы болғандықтан Алматы облысы еңбек инспекциясы басқармасымен ұйғарым беріліп, облыстық экономикалық сотта қаралуда. Сот шешімін мекеме орындамаса, мүліктері тәркіленіп, аукционға қойылып, сатылып, жұмыскерлерге қарыздары берілетін болады»,- деді Алматы облысы Іле ауданының аға прокуроры, Алмас АЛМАБАЕВ.
Қаржысын қалған халықтың ісінен құзырлы органдар хабардар. Алматы облысы Іле аудандық прокуратурасы жұмысшыларға тиісті жалақылары өндіріліп беріледі деп сендірді.
Назкен Байтілес, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы