Енді әрбір қазақстандық денсаулық сақтау орындары қызметін бағалай алады. «Медициналық сақтандыру қоры: Халықтық бақылау» деп аталатын қосымшаны жүктеу арқылы дерекқорға енген барлық емдеу ұйымдары туралы пікір білдіріп, тіпті шағымдана да алады. Мобильді қосымша бірнеше мәселені шешуге көмектеседі екен. Ол қандай мәселелер және бұл бастаманың тиімділігі мен ерекшелігі туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің директоры Әбілдаев Тілеухан Шілдебайұлы жауап береді. Ол қазір студияға қонаққа келді. Тілеухан Шілдебайұлы, қош келдіңіз!
-Алғашқы сұрақ, аталмыш мобильді қосымша қалай жұмыс істейді?
- 6 қарашадан бастап, «Медициналық сақтандыру қоры:Халықтық бақылау» атты мобильді қосымшаны міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры әзірледі. Бұл қосымшаның негізгі мақсаты – еліміздің тұрғындары осы қосымша арқылы емханалар, ауруханалар жұмысының сапасы туралы өз бағасын беруге мүмкіндік береді. Бүгінде бұл қосымшаны өз телефондарына жүктеп алып, халық еліміздегі емхана, ауруханалардың көрсетіп жатқан қызметтеріне баға беруге мүмкіндік алды. Бұл болашақта біздің еліміздегі емханалардың, ауруханалардың рейтингтерін анықтауға, халықтардың мекемені таңдауларына өз септігін тигізеді.
-Осы қосымша арқылы денсаулық сақтау нысандарының рейтінгісі жасалады екен. Бұл қызмет көрсету сапасына әсерін тигізе ме?
-Рейтингті бақылау арқылы әрбір мекеменің бағасы денсаулық сақтау саласындағы қордың сайтында жарияланады. Соны ескере отырып, біздің елдің тұрғындары емханада емделу кезегінде, емхананы таңдау уақытында және ауруханаларды таңдау барысында рейтингтік бағалар ескеріледі. Бұл емханалардың бағасына, халық таңдауына тікелей әсер ететін іс-шаралардың бірі. Бұл көрсетілетін қызмет түрінің сапасын арттыруға, ынталандыруға шақыратын шара.
-Азаматтардың келіп түскен пікірі мен ұсыныстары негізінде кейбір емдеу ұйымдарының жұмысы тоқтатылуы мүмкін бе?
-Бұл емдеу ұйымдарының жұмысын тоқтатуға тікелей әсер ете қоймас. Бірақ емдеу мекемелерін қаржылау мүмкіндіктеріне, олардың болашақта даму мүмкіндіктеріне кәсіби білімі жоғары мамандарды жұмысқа ынталандыру сәселелеріне тікелей ықпал етеді. Емханаға тіркелген кезде әрбір адамның соңынан қаржы ілесіп отырады. Қаржы алу деңгейіне қарай емдеу мекемелерінің болашақта дамуы, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі және кәсіби деңгейі жоғары мамандардың жұмыс істеу мүмкіндіктері осыған тікелей байланысты.