«Алматы Тауэрс» ғимаратында қапыда алты адамды өлім құштырған алапат өртке жауапты екі адамға қатысты сот отырысы өтті. Осыған дейін қаза тапқан бес студенттің ата-анасы «Батут» компаниясының басшысы Дәурен Тұяқовқа кешірім берген еді. Бірақ кезекті процеске ойламаған жерден жекеменшік компаниялардың бірі келіп, көлемі 5 млн теңгеден асатын өтемақы талап етті.
Осыған дейін қылмыстық істе дәлел жеткіліксіз деп қосымша тергеуге жіберілген «Алматы Тауэрстағы» өртке қатысты дерек сотта қайта қарала бастады. Кепілмен бостандықта жүрген қос күдікті – «Батут» компаниясының басшысы Дәурен Тұяқов пен дәнекерлеуші Антон Жук. Оларға «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзды» деген айып тағылған. Өйткені, алапат өрттен 6 жалдамалы жұмысшы қаза тапқан болатын.
«Алты адам батутқа арналған металл құрылымды салып жатқан. Бірақ дәнекерлеу кезінде өрт шыққан. Яғни, Тұяқов «Батут орталығы» компаниясының директоры бола отырып, нысанды жалға бергендермен ойлаған жобаны тезірек жүзеге асыру көздеген. Бірақ өрт қауіпсіздігіне бей-жай қараған. Эвакуация есігі кілтке жабық болған. Зерттеу нәтижесінің қорытындысында бұл анықталып, дәлелденді», - деді мемлекеттік айыптаушы Дидар ҚАБАЕВ.
«Алматы Тауэрстағы» өрт кезінде нысанда қамалған 5 адам да түтінге тұншығып, тірідей жанып кеткен болатын. Бұл өрт қауіпсіздігін өрескел бұзғандықтан болған, дейді мемлекеттік айыптаушы. Бірақ оның артқан айыбына қос күдікті де келіспеді. Тіпті, дәнекерлеушінің қорғаушысы судьядан тағылған айыптан айнуды өтінді. Айтуынша, Антон Жуктың бұл істе кінәсі жоқ. Айта кетейік, қапыда қайтыс болған 5 студенттің ата-анасы ұлдарын жоқтап, сотта төбе көрсетпеді. Өйткені, «Батут» компаниясының басшысы Дәурен Тұяқовқа бәрі кешірім берген. Тұяқов қара жамылған отбасылардың әрқайсысына 3 млн теңгеден көмек көрсетіпті. Ата-аналардың соттағы мүддесін заңды өкілі Ерлан Бекболов қорғап жүр.
«Менің сенім білдірген өкілдерімнің Тұяқов мырзаға қатысты ешқандай арыз-шағымы жоқ. Оның тарапынан материалды және моральдық тұрғыдан шығын толықтай өтелді. Оларға кешірім берді. Өз кезегінде, процессуальды келісімге де қол қойды. Бір емес бірнеше рет. Бірақ енді біз салақтық танытып, нысанды тексермеген Төтенше Жағдайлар департаментіне шағымданамыз. Қазір оған қатысты бөлек іс басталады. Ұлттық бюроға беріледі», - деді зардап шегуші тараптың заңды өкілі Ерлан БЕКБОЛОВ.
Сот процессіне ойламаған жерден «Алматы Тауэрста» нысанда жалға алып отырған жекеменшік компания өкілі шағым айтып келді. Ол қызыл жалыннан өзіне 5 млн теңгеден астам шығын келді, дейді. Енді соны айыпты деп танылған адамға сот арқылы төлетпек.
«Батут» орталығы жалға алған жерде біз келушілерге кафе ашпақ болып, өзара заңды түрде келісімге келдік. Тамақтанатын орынды ретке келтіріп, жиһаздарды өрт болардан бір күн бұрын орнатып тастадық. Өрттің кесірінен барлығы күлге оранды. Тек қоймада сақталғандары ғана қалды. Оны дәлелей аламыз», - деді жекеменшік компания өкілі Антон БОБРОВ.
Марқұм студентдің туыстары Дәурен Тұяқовқа кешірім берсе де, күдікті қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды. Келесі отырыс 8 қарашаға жоспарланды. Оқиғаны еске сала кетейік, өткен жылы 6 қараша күні «Алматы Тауэрс» ғимаратының жоғарғы қабатында өрт болған еді. Салдарынан 6 адам адам қаза тапты. Тілсіз жаудың тұтануына қауіпсіздік талаптарының сақталмауы түрткі болған.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы