«100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне кімдер қатыса алады?

04.09.2018 21:12

«100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталды. Ұйымдастырушылар қазақстандықтарды аталмыш жобаға белсендірек қатысуға шақырады.

Ерекше талантты, тұлғалық сипатқа ие, кәсіби салада жетістікке жеткен немесе өз дара жолы өзгеге үлгі болатын адамдарды анықтайтын шараның бұл жолғы маусымында айтарлықтай жаңалықтар көп екен. Мәселен, биыл жобаға үміткер өзін-өзі немесе ұйым атынан ұсына алады. Және үкіметтік емес ұйымдар атынан қатысқандарға басымдық беріледі.

Сондай-ақ, өткен жылғы іріктеу кезеңінен сүрінгендер де қайта өтінім беруге құқылы. Алдағы қазан айының ортасына дейін өтінімдер «100esim.el.kz» сайтында қабылданады.  

«Үміткердегі таңдауда қойылатын басты талап – Тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосуы. Тағы бір жаңалық, үміткерлерді анықтауда әділқазылар алқасы болмайды, лайықты деген азаматты немесе азаматшаны халық дауыс беру арқылы өзі таңдайды. Өтінімдер қабылданып болғаннан кейін, онлайн дауыс беру науқаны басталады», – деді «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений КОЧЕТОВ.

Өткен жылы аталмыш жобаға 2 мыңнан аса өтінім қабылданған. Оның 302-і іріктеу кезеңінен өтіп, 102 үміткер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған болатын.

Айта кетсек, «100 жаңа есім» жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асуда.