Медициналық препараттар тәулік бойы бақылауда. Алматыда халықаралық талапқа сай фармацевтикалық қойма ашылды. Кешен Алматы қаласы және облысының тұрғындарын сапалы дәрімен қамтамасыз етіп отырады. Отандық дәрі өндірушілер қатары жыл сайын артып келеді. Биыл елімізде шығарылған өнім 60 пайызға өскен.
Фармацевтикалық қойма кешенінің жалпы аумағы 6,5 мың шаршы метрге жуық. Мұнда 12 мыңнан астам тауар түрі сақталады. Қоймада барлығы автоматтандырылған. Жаңа нысан 70 жұмыс орнын құруға септесті.
«Қойма бірнеше аймаққа бөлінген. Кешенде температура ұдайы бақыланып тұрады. Ол белгіленген режимнен ауытқыған жағдайда апатты дабыл қосылады», - деді Медициналық компания департаментінің директоры Саида ЕРДЕНБЕКОВА.
Бүгінде елімізде шығарылатын дәрілердің 90 пайызы дженериктер, қалған 10 пайызы ғана отандық. Жалпы, әлемде жыл сайын дәрі-дәрмек көлемі 5-6 пайызға өседі. Елімізде 119 фармөндірушілер бар. Оның 51-і дәрі-дәрмек, 68-і медициналық құрал-жабдықтар шығарады.
«Отандық өндірушілердің өнімі биылдың өзінде 60 пайызға өсіп жатыр. Дистрюбиторлік практика дейміз. Осыған аккредиттелген мекеме. Осындай қоймалар бізде қазір көбейіп жатыр. Енді осыған Қазақстан фармацевтикалық компаниясының үлесі көп дейміз», - деді Қазақстан Республикасы ДСМ Фармация комитеті департаментінің жетекшісі Нұрлыбек АСЫЛБЕКОВ.
Бүгінгі күні республика бойынша 8 мыңнан астам дәріхана жұмыс істейді. Қазір оларды да халықаралық талапқа сай жасау тұрғысында ауқымды шаралар қолға алынған. Одан бөлек, препараттар бағасын реттейтін заңға өзгертулер енгізу қарастырылуда. Нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс осы жылдың аяғына дейін енгізіледі деп күтілуде.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы