Астана іргесіндегі біршама ауылды су шайып кету қаупі бар

18.04.2017 15:42

Астана іргесіндегі біршама ауылды су шайып кету қаупі бар. Есіл өзені арнасынан аса бастаған. Осыған орай, құтқарушылар алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға ескерту жасап жатыр. Ал, жалпы еліміз бойынша Солтүстік Қазақстан, Қарағанды ,Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарында төтенше жағдай жарияланған болатын. Астаналық тілшіміз Назым Мәлікқызы қарбалас халықпен тілдестіп келді.

Үш күннен бері су тасқыны жүру қаупін естіген Жібек Жолы ауылының тұрғыны Дина Батырбаевадан маза кеткен. Күн түн демей Есіл өзені арнасы деңгейінің түсуін асыға күтіп жүр. Көшіп келгендеріне  небәрі 1 жылдай ғана уақыт болыпты. Үйдің іргесі қаланғанымен, толық бітпеген. Енді міне қазір баспана емес, жан қайғы болды дейді ауыл тұрғыны. 

«Мынадай қағаз келді. Су тасу қаупі бар деген. Осыған орай, қазір біз ең қажетті заттарды жинап отырмыз»,- деді Ауыл тұрғыны, Дина БАЗАРБАЕВА.

Жібек жолы ауылында екі мектеп бар. Мұнда төтенше жағдайға байланысты оқушылар сабаққа бармайды.Әр өңірден жиналған төтеншеліктер әр бөлмеге орналасқан.

Іс насырға шауып жатса, тұрғындар қауіпсіз аймаққа демек, сыйымдылығы 300-ге жуық адамға арналған мектепке көшірілмек. Сонымен қатар, ыстық тамақ пен қажетті жағдай жасалады. Жұмылдырылған төтеншеліктер саны 72-ге  жуық. Техникада жеткілікті дейді ауыл басшысы.

«Жеткілікті деп ойлаймыз.Өйткені казіргі кезде мінеки өздеріңіз көріп отырғандай үлкен эксковатор тұр. Ол ЧС қайықтарымен екі уазик қайығымен, камаз үлкен. Везде ход тұр. Тағы да грузовой камаздар бар. 3 погрузчик бар»,- деді «Жібек жолы» ауылының әкімі, Қайрат АХМАДИЯРОВ.

Қауыртты дайындыққа қарағанда жағдай өте қиын сияқты. Осыған орай, Дина апайда ең қажет болар дейтін заттар мен құжаттарын қапқа салып дайындап қойыпты.

«Ең қажетті сол ғой удостоверение,балалардың документтері, гос актілер, Ең керекті документтер. Ең қажетті заттарды алып бара жатырмын»,- деді «Жібек жолы» ауылының тұрғыны, Дина БАЗАРБАЕВА.

Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен аймақтар да бар. Астана қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан өңірде, яғни 42 разьездте 33-ке жуық үйді су басып, 13 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Еліміз бойынша белең алған осы жағдайға қатысты Ішкі Істер Министрінің орынбасары Юрий Ильин баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер сауалына жауап берді.

«Жібек жолы» ауылы дәл Есіл өзенінің жағасына жақын орналасқан. Астана су қоймасынан кейін, су деңгейінің төмендеуі байқалмайды. Керісінше, су көлемі секундына  1200 метрге артып отыр. 30 наурыздан 17 сәуір аралығында Қарағанды, Ақмола,  Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында болған су тасқыны нәтижесінде  1156 үй су астында қалып, 4715 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді»,- деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, Юрий ИЛЬИН.

Қазіргі кезде  төтенше жағдай жарияланған аймақтарда 1 987 құтқарушы, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері, 605 бірлік техника тартылған. Жағдай қиындай түссе, 12 471 адам, 1 955 бірлік техника мен 19 тікұшақ, 302-ге жуық жүзу құралдары көмекке келуге дайын.

Назым Мәлікқызы ,Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан