9 жастағы Ораз Ахметқалиға тез арада каржылай көмек қажет

20.11.2017 21:23

9 жастағы Ораз Ахметқалиға тез арада каржылай көмек қажет. Астаналық жеткіншектің Оңтүстік Кореяда емделіп жатқанына бірнеше апта болған. Дәрігерлер,  оған «Ақ қан» диагнозын қойыпты. Бүгінгі таңда ата-анасы әрі қарай емге қажет қомақты соманы іздеп жатыр.

Ораздың денсаулығы нашарлағанын, тез шаршап, ұйқыға көп бас ұра бастағандығын алғашында әжесі байқапты. Үстіміздегі жылдың ақпан айында немересін жергілікті дәрігерлер қарап, безі шошынған, сөл жолдары ісінген деп қысқа қайырады. Айлар бойы түрлі маманның қабылдауында болып, тіпті, екі рет ота жасатады. Ота өз әсерін бергенімен, осыдан екі ай бұрын Ораз тағы да ауруханаға түскен.

«Ауруханаға бірінші рет түскен кезде, безі шошынып, безі асқынып, қызарып, іріңдеп түсті. Біздің дәрігердің стандарт лечение дейді ғой. Емдеудің стандарты, емдеудің протоколы, клиникалық протокол. Сол клинкиалық протоколда не жасау керек, жасалатын тірліктің бәрі жасалған. Менің есебімше, бізден қателік кеткен жоқ»,-деді Астана қаласы №2 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, Ұлықбек АСЫЛБЕКОВ.

Уақыттың балақайға қарсы жұмыс істеп жатқандығын, дерттің одан қатты асқынғандығын туыстары жақында ғана түсінген. Өйткені, Мәскеу мен Алматыға жіберген қан талдауы көңілді бірден жабырқатқан көрінеді. Бір ай бұрын балаға - «Ақ қан» диагнозы қойылған. 

«Баланы аман сақтап қалу үшін Оңтүстік Кореяға апардық. Баланы тексерістен өткізіп денсаулығы тым асқынып кетті деп химиятерапияға апарды. Оған қиын. Баламыз жылап жүр»,-деді Ораз Ахметқалидың әжесі, Гүлнар ӨТЕГЕНОВА.

Қаражат қол байлау болғандықтан ата-анасы Ақтөбедегі үйлерін сатыпты. Әрі, әлеуметтік желіде «хелп_Ораз» деген хэштегпен халық арасына акция жариялаған. Нәтижесінде, соманың біраз бөлігін Оразбен бірге оқитын балалардың ата-аналары жинап беріпті. Бірақ мұның өзі де жеткіліксіз.

«Енді мен өтінем. Халық бір қаражат болса да өзіңіздің садақаңыз болсын. Бізге ол үлкен көмек. Қолыңызды созып бізге кішкентай берсеңіз біз ризамыз. Ол жақта ем өте қымбат. 250 мың долларға емделіп жатыр. Сондықтан, біз сіздерден өтінеміз. Алла разы болсын! Көмегіңіз болсын бізге»,-деді Ораз Ахметқалидың әжесі, Гүлнар ӨТЕГЕНОВА.

Ораздың қатарластарының ортасына қайта ораларына ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, немерем қайсар әрі қиындыққа мойымайды дейді әжесі. Қарттың қалауыда сол. Халық көп болып, көмек қолын созса деген тілегі ғана әжейде. Бүгіннің өзінде қажет соманың 40 мың доллары ғана жиналған.

Нұржан Сәдірбай, Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан