Шетелге саяхаттамақ болған алматылықтар ақшасынан айырылып қалды

06.09.2017 17:13

Шетелге саяхаттамақ болған онға жуық отбасы ақшасынан айырылып қалды. Алматылық тұрғындар қаладағы «Голубая Логуна» атты  турфирма арқылы Мысыр, Түркия елдеріне баруды жоспарлап, ұшақ, қонақ үйдің ақысын алдын ала төлеп қойған. Ал агенттік басшысы болса, кейбір туристерге жалған жолдама да  берген. Жылда бір келетін жазғы демалыста қыдырмақ түгілі, жиған қаржысынан айырылған тұрғындар енді  құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр.


Отбасымен Египетке баруды жоспарлап, жылдап ақша жинаған жанның бірі Надежда Алексейқызы. Жолдаманың жарты ақшасын алты  ай бұрын аударып, Мысырға жүрер мезгіл жақындағанда  қалған қаржыны толығымен төлеген.  Бірақ турфирма басшысының өтірік уәдесіне  сеніп жүргенде тамыз айы аяқталып, төзім таусылды, дейді қаржысын жоғалтып, қажыған кейіпкер.  


«Мысырға саяхаттаймыз деп  «Голубая Логуна» турагенттігіне жүгіндік. Фирманың жетекшісі Стрижегоцкая Светлано Фячеславқызы маған тамыздың басында хабарласып, қалған ақшаны толық төлемесең, броннан шешеміз, деді. Мен қалған қаржыны әкеліп, барлығы 2700 доллар төледім. Бірақ ұшақ билетін, қонақ үй жолдамасын жоқ, интернет жоқ, кейін жеткізіп берем деген сылтаумен соза берді.Отбасы, туысымыз барлығы 5 адам күнде ұшамыз деген уәдені күтіп жүргенде күз болды. Балалардың сабағы басталып кетті», - деді қала тұрғыны Надежда АЛЕКСЕЕВА. 


¤Тағы бір топ адамның айтуынша, турфирма басшысы  еш қымсынбастан қонақ үйдің жалған жолдамасын берген. Мысырға жеткенде алданғанын бірақ білген туристер қайтар жолы мен жатар орнына 700 доллар қосымша төлеуге мәжбүр болған.


¤«Жолдамаға 1600 доллар төледім. Біз достарымызбен барлығы үш отбасы едік. Бірақ, екі миллионнан астам ақша төлеген бір досым ақыры бара алмаса, екіншісі басқа турфирма арқылы екі рет шығындалып кетуге мәжбүр болды. Мысырға барған соң бізді екі күннен соң қонақ үйден ақысы аударылмаған деп шығарып жіберді», - деді қала тұрғыны Анатолий СЕМЕНЮК. 


¤Алдап кеткен директорды таба алмаған туристер соңғы бір аптадан бері бірнеше мекеменің есігін сығалауда. Айтуларынша, олардың әрқайсысы полицейлерге екінші реттен  келіп арыз жазуға мәжбүр болған. Тек Алмалы аудандық прокуроры қабылдаған соң ғана директордың үстінен іс қозғалған.



«Голубая Логуна» деген ЖШС ұйымы бұл кісілерге демалысқа билет алып береміз деп, бірақ қызметті соңына дейін жасамаған. Билеттерді қайтармай, ақшаларын қайтармай бүгінгі күнде азаматтарды шырылдатып осындай халге әкелген. ҚР 190 бабымен қылмыстық іс тіркеліп, қазір тергеу әрекетері жүргізіліп жатыр», - деді Алмалы аудандық прокуратурасының прокуроры Мадияр БАСШЫБАЕВ.


«¤Голубая логунаның» керемет демалысына сеніп алданып қалған отбасының саны онға жуықтайды.  Жолға деп жиған теңгесімен қоса жаз маусымын жайсыз өткізген адамдар жоғын жоқтап, турфирманың алдына келгенде бір-бірімен бірақ танысқан. Алыс-жақын шетелге жіберетін жолдамалар жақсылап жарнамаланған фирма есігі қазір құлыптаулы. Ал Ішкі істер департаментінің өкілдері  алаяқтық әрекеті үшін айыпталған директорды тауып, жауап алып жатырмыз деп мәлімдеді.


Әмірболат Құсайынұлы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы