ШҚО-дағы су тасқыны салдарымен күресу үшін 2 млрд теңге бөлінбек

ШҚО-дағы су тасқыны салдарымен күресу үшін 2 млрд теңге бөлінбек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстанда қызыл судан зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін атап өтті. Әрі, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа облыс сұраған 2 млдр теңгенің мәселесін тездетіп  шешуді тапсырды.

«Үкімет тарапынан қажетті көмектің барлығы көрсетіледі. Даниал Кенжетайұлы сіздің жазған хатыныз келіп түсті. Қосымша қаражат көзі бөлінетін болады. Көмек ретінде 2 млрд теңге облысқа сұралды. Жалпы республика бойынша осы күрделі жағдайлардың барлығы сіздің бақылауыңызда», - деді  ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Осы тұста табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен аймақтардағы жағдайды жеткізген еліміздің Ішкі істер министрі құтқару топтарына қажет техникалық базаны жаңартуға 4 млрд теңгеден астам қаржы керек екенін алға тартты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Астана, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысына айтарлықтай көңіл бөлінбеген.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше Асқар Ұзақбайұлының төрағалығымен азаматтық қорғау бөлімшелерінің материалдық-техникалық  жабдықтауды мәселесі туралы кеңес өтті. Негізі бұл мәселе біраз жылдан бері қаражаттың  аздығынан шешілмей келе жатыр.  Бүгінгі күні құтқару қызметін техникалық қамтамасыз ету үшін 30 пайыздан аспайды», - деді  ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Айта кетейік, қазіргі кезде  жауын-шашын мен қардың көп мөлшерде түсуі салдарынан Шығыс Қазақстан облысы әлі де зардап шегуде. Ақпарға сәйкес, бүгіндері 316 үй мен 185 аула су астында қалған. Осыған орай, Семей, Аягөз, Зыряновск, Шемонаиха ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Апаттық-құтқару шараларына 494 адам жұмылдырылып, 112 арнайы техника, 109 мотопомпа қолданылыпты. Ал күн райының жылынуы бұл аймақтардағы жағдайды одан әрі ұшықтыру ықтимал.


Новости партнеров