Алматыда серуендейтін орындар көбеймек

15.06.2017 14:53

Алматыда серуендейтін орындар көбеймек. Биыл шаһарда 16 жүргінші аймағы жасалып, қалалықтардың сүйікті орнына айналады. Сондай-ақ, бірқатар көше мен Астана алаңы жаңартылады. Көріктендіру жұмыстары жүргізілетін аумақтармен қала әкімі Бауыржан Байбек танысып, жауаптыларға тиісті тапсырма жүктеді.

Тимирязев көшесінің Есентай өзенінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі аумағы күзге дейін түгелдей жаңартылады. Ұзындығы 2,5 шақырым аймақ аллеяға айналады. Бостандық ауданында жасалатын жүргінші аймағының жобасымен бүгін қала әкімі танысты. Жоспар бойынша мұнда брусчаткалар төселмек. Жол жиегіндегі бордюрлер мен арықтар жаңартылады. Сондай-ақ, қоқыс жәшіктері қойылып, маңайға жарық шамдары орнатылмақ.

«Мұндай аллеяларды 16 көшеде жасауды көздеп отырмыз. Яғни, қаланың 8 ауданында 2 көшеден өзгеріске түседі. Қазірдің өзінде аудан әкімдіктері аумақтарды белгілеп, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұл негізінен тиісті инфрақұрылымы бар тұтастай жаяу жүргіншілер аймағы болады»,- деді Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Алмасхан АХМЕТЖАНОВ.

Жаңартылатын тізімде Алмалы ауданындағы Дүйсенов көшесінің Аренскийден Гайдар көшесіне дейінгі аралығы бар. Қарасай батыр көшесі Абылай хан көшесінен Масанчигке дейін де толық көгалдандырылмақ. Жасыл желекпен көмкерілетін жерлер барлық жастағы адамдар үшін ыңғайлы жасалады әрі онда балалар мен спорт алаңдары салынады. Айналасы жасыл желекпен қоршалады. Ал, шаһар көркін бұзған сұрықсыз шарбақтар түгел сүріледі. Бұл бастаманы қала тұрғындары құп көретіндіктерін жеткізді.

Айта кету керек, қалада жүргіншілер үшін алғаш рет абаттандырылған Тимирязев көшесі болатын. Қазір бұл маңай қала көркіне сән бергені өз алдына, тынығушылардың сүйікті орнына айналған. Дәл осы қарқыннан таймай биыл Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен Астана алаңын түгелдей жаңарту жоспарланып отыр. Бұл көшелер замануи үлгіде көріктендіріліп, еуропалық стандартқа сай жасалады. Осылайша Алматы - адамдар үшін жайлы қала бола түспек.

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы