Теміртаудағы оқиға: барлық балабақшаға бейнебақылау камералары орнатылады

29.08.2018 21:19

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Теміртаудағы балабақшада бүлдіршінді тұншықтыру оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бәріміз де бала тәрбиелеп жатырмыз. Әрине, Теміртауда болған оқиға ақылға сыймайды. Бейнебақылау камераларын орнату ұсынысы бойынша тиісті құжаттарды пысықтап жатырмыз. Осы орайда, барлық балабақшаға видеокамералар орнату шараларын ескеріп отырмыз», – деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Теміртаудағы жеке балабақшаның тәрбиешісі түскі демалыс уақытында бүлдіршінді тұншықтырған.

Бейнеролик 27 тамыз күні әлеуметтік желілерде пайда болды. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізу барысында «Shok_krg»  парақшасынан әйел адамның баланың үстінен көрпемен басып, еркінен тыс ұстап тұрғанын бейнелеген видеоны анықтаған.

Полицияда мәлім еткендей, видеоны зерттеу барысында қала балабақшаларының бірінде жұмыс істейтін 50 жастағы тәрбиешінің аты-жөні анықталды. Оның сөзінен белгілі болғандай, кішкентай қыз түскі демалыс уақытында тәрбиешісінің тілін алмай, төсекте секіре берген. Оған шыдамаған әйел адам баланы көрпемен қысып ұстап тұрған.