Қазақ тағы бір арысынан айырылды. Алғашқы теңге дизайнерінің бірі Тимур Сүлейменов бүгін таңертең көз жұмды. Үш ай бұрын ғана 75 жасқа толған сәулетші созылмалы ауру салдарынан қайтыс болған. Қазақстандық дизайн мектебінің негізін салушы Сүлеймовтің елімізге сіңірген еңбегі ерен.
Бұл- Тимур Сүлеймоновтың осыдан бес жыл бұрын 70 жылдығына арнайы түсірген бейнебаяны. Архитекторды өмірде дәл осындай көңілді, өмірге құштар, әзілқой еді, деп еске алады достары. Тіпті, кейбір күрмеуі қиын күрделі мәселелерді дәл осылай күліп қана оңай шешетін, дейді. Сәулетшіні 45 жылдан бері білетін Любовь Нысанбаева Тимур Сүлейменовтің тек архитектор, дизайнер ғана емес жақсы суретші болғанын айтады. Марқұмның туған күніне сыйға тартқан мына картинасын ерекше бағалайды.
«Тимур нағыз шығармашылықтың адамы еді. Ол қандай іске кіріссе де, не істесе де жан-тәнімен жасайтын. Ең танымал архитектор болды. Маған ең ұнайтын қасиеті- шынай адам еді. Әсіресе, ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрған жерде жанын беретін. Оның орнын ешкім баса алмас», - деді Қазақстанның қалақұрылысы одағының президенті Любовь НЫСАНБАЕВА.
Тимур Сүлейменов Тараз, Жаңатас, Шымкент қалаларын салудың бас жоспарын әзірлеуге қатысқан. Сәулетшінің ең үлкен еңбегінің бірі - Мәскеу қаласындағы Абай ескерткіші және Алматыдағы Тәуелсіздік таңы ескерткішінің авторы.
Соңғы жылдары ауру алқымынан алса да, ешқашан берілген емес, күні кешеге дейін талай жобаны қолға алып, жоспар құрып отырды, -дейді архитектор Ғабит Садырбаев.
«Тимур Сүлейменов 1943 жылы 14 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының Қарабулақ ауылында өмірге келген. Оның артында әйелі мен бір ұл, бір қызы қалды. Сәулетшімен қоштасу рәсімі ертең сағат 10-да Алматыдағы Әбілхан Қастеев мұрайжайында өтеді. Архитектордың өзі өмірден кеткенмен, оның қиялынан туған еңбектері мен ескерткіштері мәңгі жасамақ»,-деді ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі Ғабит САДЫРБАЕВ.