Алматыда трамвай рельстері алына бастады. Қазір мердігерлер Өтепов көшесіндегі шойын жолдарды жаппай сүріп жатыр. Кейін, қазылған орынға асфальт төселіп, жан-жағы абаттандырылады. Жүргінші жолдары қалыпқа келтіріледі. Одан қалды, қос қапталына веложолақтар салынады. Тап осындай жұмыстар Шевченко мен Қонаев көшелерінде қатар жасалмақ. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. Қарқынды құрылыс алдағы тамыз айында толық аяқталады.
Білек сыбанған құрылысшылар жұмысқа қызу кіріскен. Олар Өтепов көшесіндегі шойын жолдарды жаппай жұлып жатыр. Ұзын-ырғасы 918 метр трамвай рельсі жермен жексен етілмек. Мердігерлер 60-қа жуық адамды осы жұмысқа жұмылдырған. 20 шақты техника тағы бар.
«Жұмысты тамыз айының соңына дейін бітіреміз. Рельстерді алып тастаған соң, тас жол төсейміз. Жан-жағына гранит тастар қойылады. Кейін, маңайды толық көріктендіреміз»,- деді Мердігер компания бригадирі, Рустам БИЖАН-ОҒЛЫ.
Аумақ абаттандырылған соң, жолдың қос жиегіне веложолақтар салынады. Одан қалды, жүргінші жолдары да қалыпқа келтіріледі. Әкімдік қызметкерлері тап осындай жұмыс Шевченко мен Қонаев көшелерінде қатар жасалады дейді. Олардың жалпы ұзындығы 7 жарым шақырымнан асады. Қарқынды құрылысқа қалалық қазынадан
«Магистральді көшелердің қиылыстарында, 18 қиылыста трамвай жолдары алынады. Ол көліктердің жүру қарқынын арттыру үшін жасалады. Бұл жұмыстарды бастау 15-ші маусымға жоспарланған. Ал, барлық жұмыс 25-ші тамызға дейін аяқталуы тиіс»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің бас маманы, Айдын ТОЙБАЗАРОВ.
Алматыда трамвай жолдары алғаш 1937 жылы төселген еді. Қоғамдық көліктің бұл түрі өткен ғасырда сұранысқа ие болған. Алайда, 90-шы жылдар таяғанда олардың бағыттары күрт қысқарады. Ал, 2015 жылы трамвайлардың қатысуымен 2 бірдей ірі жол апаты тіркеледі. Осыдан барып, қала басшылығы олардың жүруіне тыйым салу туралы шешім шығарған.
Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы