Алматыда жыл басынан бері 500-ден аса эндопротез отасы жасалды

Алматыда жыл басынан бері 500-ден аса эндопротез отасы жасалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері 500-ден аса эндопротез отасы жасалды. Нөмірі жетінші қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері буын ауруына шалдыққандарды тегін емдеп, қайта аяққа тұрғызуда. Тізеге жасанды ұршық салу - жеке клиникаларда, шет елдерде қымбатқа түседі, шамамен құны 1 млн теңгедей. Пациент отадан кейін бірнеше күнде жүріп кетеді, дейді дәрігерлер.


Ұзақ уақыт төсек тартып жатқан Тасия Шапошникова палатасынан балдақпен шықты. Зейнеткерге осыдан үш күн бұрын ота жасалған. Буындары сырқырап жүруден қалған пациент Алматы қаласына Қарағанды облысынан ат арытып келіпті. Дәрігерлер қарттың тізесіне ота жасап, америкалық жасанды ұршық орнатты.


«Менің буындарымның сыр бергеніне 20 жылға жуық уақыт болған. Жыл сайын жағдайым нашарлай берді. Соңғы уақыттарда тіптен жүре алмай қалдым. Алматыда буынға жасанды ұршық орнатып жатқанын естіп, осында хабарластым. Квота кезегі келгенде өздері шақырды. Дүйсенбі күні ауруханаға қабылдап, сейсенбі күні ота жасады. Қазір жағдайым жақсы», - деді Таисия ШАПОШНИКОВА.


Ақпан айында ашылған бөлімде бүгінге дейін 500-дейн ота жасалған. Операциялардың басым бөлігі осы тізе ұршығына жасалады. Отандық дәрігерлер иық пен жамбасқа да жасанды ұршық салуды меңгерді. Операциядан шыққан пациент бірнеше күнде аяғына тұрып кетеді.


«Мұндай операция еліміздегі бірнеше орталықта ғана жасалады. Астанада, Қарағандыда, Алматыдағы нөмірі төртінші ауруханада және бізде ғана. Қазір біздің бөлімде буын ауруының асқынған түрлеріне де операция жасалады. Тіптен, бірінші рет протез қойылған тізеге қайта ота жасауға мүмкіндік бар», - деді АЛматы қаласындағы №7 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Арнат БАЙЗАҚОВ.


Дәрігерлердің айтуынша, дәл осындай ота көрші елдерде 3 мың долларға жасалады. Қалалық нөмірі жетінші клиникалық аурухана дәрігерлері алдағы жыл үшін денсаулық сақтау министрлігінен тағы 400 отаға квотаға өтініш бермек.


Аршын Кемелжан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров