Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысында қаза тапқан сарбаздардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Мемлекет басшысы қауіпсіздік кеңесте марқұмдардың әскери борыштарын абыроймен өткергендерін мәлімдеді. Сондай-ақ, Президент пәрменімен еліміздің қорғаныс министрлігі қара жамылған әр отбасыға қажетті көмек көрсететін болды.
«Жамбыл облысында қар көшкіні салдарынан болған қайғылы оқиға туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Олардың әрқайсысы елінің нағыз патриоты болып, өз әскери міндетін соңына дейін атқарды. Қорғаныс министрлігіне қаза тапқан сарбаздардың отбасыларының бәріне жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырамын»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Осыдан кейін Елбасы қауіпсіздік кеңестің күн тәртібіндегі мәселелерге көшті. Президенттің айтуынша, өткен кезеңде еліміздің құзыретті мемлекеттік органдары сапалы жұмыс істеді. Олардың күш-жігері арқасында Қазақстанда сыртқы қауіпсіздік пен ішкі саяси тұрақтылық қамтамасыз етілген. Ендігі міндет - халықаралық "ЭКСПО" көрмесін жоғарғы деңгейде ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейту қажет.
«¤Әлемдік экономикадағы дағдарыс жағдайына, отандық экономиканың қиыншылықтарына қарамастан макроэкономикалық көрсеткіштерді тиімді деңгейде ұстап тұра алдық. Ішкі, өңірлік және жаһандық үдерістерге қатысты жүргізілген талдау алдағы кезеңдегі еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнуі ықтимал сын-қатерлер мен қауіптерді анықтауға мүмкіндік берді. Қазір елімізде Қазақстан халқына жолдауда көрсетілген мақсаттар мен міндеттер, ұсынылған саяси және конституциялық реформалар талқылануда. Жалпы, олардың дені республика тұрғындарының қолдауына ие болып отыр»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.