Алматының хайуанаттар бағына қала тұрғындары 5 тоннаға жуық емен жаңғағын тарту етті. 2 ай бұрын қолға алынған «Күзгі емен жаңғақтары» акциясы басталғалы бері тұрғындар осы мөлшерде емен жаңғағын жинап үлгеріпті. Қайырымды жандар жануарлардың қысқы азығын қамдауға білек сыбана кіріскен. Олардың қатарында, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін бар. Ал, ерекше белсенділік танытқаны студенттер екен. Мәселен, аграрлық университеттің студенттері рекорд жаңартып, 700 келіден астам жаңғақ жинапты. Олар көш бастап, жеңімпаздар қатарынан көрінсе алған сыйлықтарын балалар үйіндегі бүлдіршіндерге тарту етпек. Айта кетсек, жиналған жаңғақтарды тұяқты жануарлар қыстай талғажау етеді.
"Емен жаңғағын жинау бізге оңайға түскен жоқ. Себебі, әртүрлі ауа райында біздің белсенді студенттеріміз барынша еңбек етіп, емен жаңғағын жинаған болатын. Міне, емен жаңғағының бүгінгі нәтижесі осы хайуанаттар бағына әкеліп өкізудеміз. Әрине, бізді қуантарлық жағдай біз осы хайуанаттар бағының рекордын жаңартып, қазіргі уақытта біздің емен жаңғағы 765 кг құрады. Әрине, бұл біз үшін үлкен мақтаныш",- деді «Шапағат» жастар қоғамдық қозғалысының мүшесі, Еркебұлан ТІЛЕКЕШ.
Айта кетейік, Алматы хайуанаттар бағына ең көп мөлшерде емен жаңғағын өткізген қатысушылар зообақтың туған күнінде ескерусіз қалмайды. Жеңімпаз құнды сыйлық пен мақтау қағазымен марапатталады. Ал, жануарларға қысқы азықты даярлағысы келгендерге, жаңғақты зообаққа өткізуге болады. Ең көп жаңғақ жиған жеңімпаздың есімі бүгін белгілі болады.