Алматыда көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарына 1 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ

06.03.2017 15:27

Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің шатырын, кіре беріс пен жеделсатысын жөндеуге 1 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалмақ. Қалалық мәслихат биылғы жылдың нақтыланған бюджетін бекітті. Сондай-ақ әлеуметтік мәселерді шешуге 45 миллиард теңге бөлінбек. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру және спортты дамыту бар.

Алматыда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында 88 көпқабатты үй жөндеуден өткізілмек. Осы мақсатта 876 миллион теңге қаржы қарастырылған. Баспаналардың шатыры, кіре берісі мен жертөлелері қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, 30 үйдің жеделсатылары ауыстырылады. Оған 406 миллион теңге бөлінді.

«Тұрғын үйлердің басым бөлігі Бостандық ауданында орналасқан. Бұл ауданда 33 үй қалпына келтіріледі. Алатау ауданында 6, Алмалы ауданында 19, Әуезов ауданында 19, Медеу ауданында 8, Жетісу ауданында 10, Түрксіб ауданында 23 үй биыл тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына қатысады», - деді «Алматы тұрғын үй» ЖШС директорының орынбасары Нұрғали СЫРТАНОВ.

Алып шаһарда баспаналарды қалпына келтіруге бағатталған бағдарлама 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақытқа дейін 302 үй жөнделген. Алматының осы жылғы нақтылған бюджеті бойынша жылу жүйелері мен су құбырлары да жөнделмек.

«Жылу жүйелерін жөндеуге қосымша 2,7 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Сумен жабдықтау жүйесінің 73 шақырымы салынып және қалпына келтіріледі. Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу және Медеу аудандарында су тартуға 3,3 миллиард теңге бөлінеді. Осы арқылы 11700 абонент қамтылмақ», - деді Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Қаланың нақтыланған бюджеті бойынша әлеуметтік мәселелерді шешуге 45 миллиард теңге қарасытырылған. Биыл білім саласына қосымша 2,7 миллиард теңге бөлінеді. Алатау, Наурызбай аудандарында 3 мектеп салынады. Түрксіб ауданында жаңа 800 адамға шақталған психоневрологиялық үй интернаты бой көтермек.  

«Денсаулық сақтау саласына қосымша 8,7 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл қаржыға медициналық мекемелер 376 жаңа құрал-жабдықпен жабдықталады. 5 денсаулық сақтау нысанында 76 миллион теңгеге жаңа жеделсаты орнатылады», - деді Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Алматының 2017 жылға нақтыланған бюджеті 513 миллиард 832 миллион теңгені құрады. Жоспарланған бюджет 418 миллиард 614 миллион теңгеге жетіп отыр.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Теги: бюджет