Алматыда халықаралық әйелдер күні кең көлемде тойланды

Алматыда халықаралық әйелдер күні кең көлемде тойланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда халықаралық әйелдер күні кең көлемде тойлануда. Әр ауданда мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қоғам өміріне белсене ат салысып жатқан қыз-келіншектер  марапатталды. Одан бөлек, көп балалы аналарға алтын және күміс алқалар тағылды. Ал, аз қамтылған отбасыларға тосын сый әзірленді.

Жер көгеріп, көк шығатын мезетпен қатар келген бұл мереке - шат-шадыманға толы. Жетісу ауданы әкімдігі белсенді әйелдерді мейман қылып, оларға тосын сый әзірледі. Құшақтарын гүлге толтырды. Бағалы сыйлықтарды табыстады.   

«Әрқайсысына өзіміздің керемет гүлдеріміз, сыйлықтарымыз бар. Жылы сөзбен, концертімізбен құттықтайын деп жатырмыз. Бұл шара 2-3 күннен бері өтіп жатыр»,- деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі, Талғат РАЗАҚОВ.

Қоғам өміріне белсене ат салысып жатқан әйелдер аз емес Алматыда. Әрқайсысы өз саласының білгірі. Дені бала тәрбиелеп, білікті ұрпақ жетілдіріп жатыр. Енді бірі - ұлт саулығын қоруда. Мінберде жүргендері де аз емес. Шуақты мереке қарсаңында көп балалы аналар ерекше құрметке ие болды. Оларға алтын және күміс алқалар табысталды.

Тыстағы Түрксіб ауданы тұрғындары да құттықтаудан құр қалмады. Аудан басшылығы аруларына арнап, сахна майталмандарының қатысуымен мерекелік концерт өткізді. Ізінше, әзірлеген сыйлықтарын таратты. Айтуларынша, қыз-келіншектерге құрмет көрсету - тек бір күнмен ғана шектелмеуі керек.     

«Әйелдер қауымын ертеңге мерекемен құттықтағым келеді. Әр салада еңбек етіп жатқан олардың еңбектері елене берсін. Елімізде озат әрі алғыр оқушылар көбейсін»,- деді Алматы қаласы №76 мектеп мұғалімі, Наталья ДМИТРОВИЧ.        

«Қуанышымда шек жоқ. Наурызбай ауданы әкімдігі еңбегімізді елеп, осындай теңдессіз шараға шақырып отыр. Біздің тілек - елімізде науқастар болмасын. Ұлтымыз сау болғай»,- деді Алматы қаласы №27 емхана бас дәрігерінің орынбасары, Гүлжахрам МАНАПОВА.        

Қала кенжесі Наурызбай ауданында да думанды дүрмек өтті. Ақ жаулығын жамылып, кимешек киген қариялар мейрамның басты меймандары болды. Бұл жерде де өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, арулар алғысқа бөленді.

Дастан Сейілханұлы, Валерий Таубалдиев, "Алматы" телеарнасы                            



Новости партнеров