Наурыз мейрамы қарсаңында алматылықтар ең ұзын құрақ көрпені тігуге кірісті

16.03.2018 17:31

Мегаполис тұрғындары әлемдегі ең ұзын құрақ көрпені тігіп, Гиннес рекордтар кітабына енбекші. Ұлық мереке Әз-Наурыз қарсаңында алматылықтар 25 мың 500 шаршы метрді құрайтын құрақ көрпені тігуге кірісті. Ең қызығы, акцияға оқушылардан бастап, студенттер, еріктілер, тіпті, зейнеткерлерге дейін қатыса алады. Алып көрпені тігу қашан аяқталмақ?

«Ауылдың алтын ауызы» демекші, ән салып құрақ көрпе тігіп отырған бұл қыз-келіншектер кітапхана қызметкерлері. Дәстүрді дәріптеуге бағытталған  «Алтын шаңырақ» орталығының шеберлеріне қолғабыс етуде. Тігіншілердің айтуынша, көрпенің әр құрағы симметриялы әрі әдемі болуы шарт. Және құрақ көрпеге шамамен 4 мың метрге жуық мата кетеді екен.

«Құрақтың бірнеше түрі бар. Соның ішінде біз ең ыңғайлы, оңай, шығыны аз болатын шаршы құрақ көрпесін таңдадық. Бұл жерде жылы түс пен суық түстің үйлесімін аламыз. Құрағымыз өте анық түсті болуы керек, көзге бірден түсуі керек», - деді тігін шебері Ардақ ӘБДЕЛИЕВА.

Құрақ көрпе акциясына Алматыда тұратын кез келген тұрғын келіп қатысса болады. Әсіресе, жас қыздар мұнда келіп тігін шеберлігін тегін үйрене алады. Ең бастысы, өзіңізбен бірге мынандай пүліш немесе қыжым матасын және ине-жібіңізді алып келсеңіз болды.

«Құрақ көрпе» акциясына Алматыдағы барлық 25 кітапхана жұмылдырылған. Шараға қатысқысы келетін немесе матасын әкеліп үлес қосықысы келетіндер қаладағы кез келген кітапханаға барса болады. Қолөнерден хабары жоқ жанды осында кәсіби  тігіншілер тегін  үйретеді. Ал 21 наурызда Арбат алаңында өтетін ресми шараға Ақтаудан арнайы шеберлер  шақырылған.

«Рухани жаңғыру- ұлттық сананың жаңғыру. Біздің ұлттық санамыздың жаңғыруы оның дәстүрінде. Құрақ көрпе бірден-бір қазаққа тән дүние. Бүгінгі таңда барлы әлеуметтік желіде кітапхананың парақшасы ашылған. Арнайы парақша ашып, сол жерде барлық мәліметті жинақтап отырмыз», - деді Алматы  қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің  қызметкері Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА.

Аталмыш акцияның дәл Наурыз мейрамына орайластырылуы бекер емес. Себебі, Наурыз мерекесінің бір белгісі - жұлдызды, аспанды, асқар тау мен өзен-көлді бейнелейтін құрақ көрпе болған. Айтпақшы, әзірге әлемдегі ең алып көрпе бойынша рекорд Португалияның Порто қаласына тиесілі. Біздікі одан 400 шаршы метрге үлкен болмақ. Ал наурызда басталған бұл акция күзге дейін жалғасып, алып көрпе  қыркүйекте қала күніне тарту етілмек.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, Алматы телеарнасы