Алматыда ел тарихындағы ең резонанс тудырған сот ісі басталды

04.04.2017 15:30

Алматыда ел тарихындағы ең резонанс тудырған сот ісі басталды. Мұхтар Әблязов қаржыны жымқыру үшін құрған сызбаны анықтау үшін екі мың томнан аса қылмыстық іс және тергеу амалы 8 жыл жүргізілді. Алайда сотта Әблязовтың өзі бой көрсетпеді. Қашқын банкир ескертуді елемей отыр. Айыптау орындығында БТА банктің бұрынғы топ менеджерлері бар. Оларға қылмыстық топ құрып, өзгенің мүлкін, соның ішінде қазақстандықтардың жеке жинақтарын  талан-таражға салды деген айып тағылып отыр.

Қазақстандағы ең резонансты қаржы қылмысы осы күннен бастау алған. Екі жарым сағат аралығында прокурорлар кезек-кезек оқыған айыптау актісіне сай, Әблязов жаңа қызметінде өзінің қитұрқы әрекетін жүргізуді бастаған. 

«Әблязов есебі бойынша ол өз ойын іске асырудан бұрын банкке ірі көлемде заимдар тарту керек болған. Халықаралық қаржы құралдарынан бастап, елдің салымдарына дейін. Шетелдік кредиторлардан қарызға ақша алудан бұрын ол банк қорында белгілі көлемде қаражат бар екенін көрсетуге тиіс еді»,- деді Мемлекеттік айыптаушы, Еркін БАЙМАҒАМБЕТОВ. 

Қылмыстық іс материалына сәйкес, осы мақсатта Әблязов сеніміне кірген азаматтармен бірігіп, қаржы пирамидасына ұқсас, қылмыстық сызба құрған. Сөйтіп, алдымен банктің қосымша акцияларын іске қоса бастаған. 

«Осы жағдайда акцияның басым бөлігін Әблязовтың өз компаниясы сатып алып отырған. Ол бұл ойын бақылаушы және қадағалаушы органдардан жасырын жүзеге асырған. Осы арқылы акцияға жасанды сұраныс жасалып, биржада түзетім енгізілген. Алғашқы кезеңде құнды қағазды төлеп алу үшін Әблязов банкке инвесторлар мен салымшылар құйған қаржыны жұмсаған. Олар бақылауға алынған компания меншігіне несие және банк зайымдарын тіркеу арқылы өтіп отырған»,- деді Мемлекеттік айыптаушы, Еркін БАЙМАҒАМБЕТОВ. 

 Осы әрекет арқылы банк капиталы 8 есе өскен. Бұл ірі қаржы құралдарын, оның ішінде салымшы мен шетел инвесторларын тартуға мүмкіндік берген. Кейіннен Мұхтар Әблязов банктен ақша шығара бастаған. Ол үшін жүздеген жалған компаниялар құрылып, оны басқаруды қашқын банкир сенімді адамдарына тапсырған. Бұл мекемелер және шетелдік компаниялар миллиондаған, тіпті миллиардтаған қайтарымсыз несие алып отырыпты. 

«Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Қазақстандықтармен қатар, Ресей, Украина, Швейцария, АҚШ, Бельгия Корольдігі, Кипр Республикасы және өзге де елдің азаматтары болған. Барлығы жүздеген тұлға. Қоғамдастық көшбасшысы, үйлестіру, қолдау, оны дамыту жұмысының барлығын Әбләзов өзі қолға алған»,- деді Мемлекеттік айыптаушы, Еркін БАЙМАҒАМБЕТОВ. 

Қолды болған қап қаражатқа - зәулім сарайлар сатып алынған екен. Банктен ақша ұрлауға ағылшындық "Истбридж Капитал Лимитед" компаниясының бір топ қызметкері септесіпті. Әблязовтың нөкерлерін тіпті Лондонның жоғарғы соты күдіктілер қатарына қосқан деседі.               

«¤Күдіктілер Лондондағы судьяларды да түлкібұлаңға салып келді. Олар үптелген қаражатты оффшорлық компанияларға дереу аударып отырған. Мұны - өздеріне күмән тудырмау үшін жасаған»,- деді Мемлекеттік айыптаушы, Еркін БАЙМАҒАМБЕТОВ. 

Активтерді жасыру үшін Әблязов туған күйеу баласы Ильяс Храпуновты да жұмылдырған. Сот отырысы Алматыда басты фигурантсыз қаралып отырғандықтан айыптау орындығында үш айыпталушы бар. Банктің басқарма төрағасының экс-орынбасары Жақсылық Жарымбетов өз кінәсін толығымен мойындады, ал қалған екеуі бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш және банктің департамент директоры Қайрат Садықов кінәсін жартылай мойындаған. Сот процесі ұзаққа созылады деп күтілуде. Себебі, 2 мың томнан аса іс қаралып, 200-ге жуық куәгер сұралмақшы.

Перизат Көмекбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, Влад Шишко, "Алматы" телеарнасы