Алматыда такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс

Алматыда такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жолаушы тасымалдайтын такси жүргізушілері жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы рейдтік шара жүргізді. Тексеру барысында көбінің бұл іспен айналысуға қажетті құжаттары болмай шықты. Әзірше ескертумен шектелген салықшылар, алдағы уақытта айыппұл салатын болады. Ал, ісі сотқа жолданғандардың тіпті, жеке көлігі тәркіленуі мүмкін.

Өмірбай Нұржановтың жолаушы тасымалымен айналысып жүргеніне 6 жылға жуықтаған. Оның негізгі мамандығы суретші. Осыдан 10 жыл бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келген қария жұмыс таппаған соң, жан бағу үшін осы кәсіпке ден қойған. Қызметіне таңғы сағат 8-ден бастап, кешкі сағат 6-ға дейін кіріскендіктен, кәсібімді заңдастыруға уақыт таппаймыз,- дейді.

«Мына сіздердің келіп осында түсіндіріп жатқаныңыз жақсы болды. Енді ұйымдастырып, осында таксистерге заңдастырып, заңмен жүрсек бізге сол жақсы болар еді», - деді Өмірбай НҰРЖАНОВ.

Оңай жолмен ақша тауып, салықтан жалтарғандарды тәртіпке салуға Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы және жергілікті полиция қызметінің мамандары білек сыбана кіріскен. Әйтсе де ресми тіркелген таксилерден гөрі жолаушыларға заңсыз қызмет көрсету арқылы нәпақа табатындар азаймай отыр. Тек қана бір күннің өзінде арнайы құжаты жоқ 25 жүргізуші анықталды. Бұл жолы ескерту алған олар кәсібін заңдастырмаған жағдайда айыппұл арқалайды.

«Егер де 10 күннің ішінде осы азаматтар салық органдарына тіркелмесе, сәйкесінше, біздің тарапымыздан тексеру жұмыстары жүргізіледі. Хаттамалар толтырылып, материалдар сот органдарына жолданады. Айыппұл сомасы бірінші жолы 15 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ал, егер қайталанса, ол 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды», - деді Алматы қаласы МКД Медеу ауданы басқарма басшысының орынбасары ҚУАНЫШ ТҮМЕНБАЕВ.

Алматыда жыл басынан бері 269 такси жүргізуішісі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Ал, жалпы қалада ресми түрде жұмыс істейтін 2717 темір тұлпар тізгіншісі бар.

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров