Алматыда «Южный» саябағындағы тұрғын үй кешені салынбайтын болды

27.06.2018 21:36

«Южный» саябағында тұрғын үй кешені салынатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған жерге құрылыс компаниясы тұрғын үй салудан өз еркімен бас тартты. Жобаны ашық талқылау кезінде көпшілік саябақ аумағында тұрғын үй кешенін салу жоспарын қолдамады, сондықтан компания қаланың басқа бөлігінен дәл осындай жер учаскесін алу үшін өзінің жерін мемлекет пайдасына қайтаруға дайын. Естеріңізде болса, Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өткізген кезде қала тұрғыны Надежда Ерольская «Южный» саябағында жеке компанияның көп қабатты тұрғын үй кешенін салуы мүмкін екені туралы мәселе көтерген еді. Әкім өз кезегінде қайтадан қоғамдық тыңдау өткізуді тапсырған болатын. Қазіргі кезде саябақта реконструкция жүруде. Сонымен қатар жарық және суару жүйелері жаңарып, стационарлы дәретханалар, иттерді серуендететін алаңдар пайда болады. Оның үстіне бұрыннан бар жасыл желектер сақталып, жаңалары отырғызылады.