Алматыда жол ережесін елемей, көшені көлденең кесетін жүргіншілер жаппай ұсталып жатыр. Полицейлер оларға салынатын айыппұл көлемі қомақты, дейді. Соңғы кезде Алматыда жүргіншілердің қатысуымен болатын апаттар жиілеп кеткен. Жыл басынан бері 3 мың көлік оқиғасы болып, 56 адам қаза тауыпты.
Солтүстік айналма жолының қақ ортасында арба сүйреп, көліктердің жолын бөгеген бұл қартты жол сақшылары бірден қолға түсірді. Әуелде полицейлердің өзіне қандай мін таққанын түсінбеген ақсақал, кейін өз кінәсін мойындады. Бірақ тыйым салынған жерден алғаш өтуім деп ақталғандай болды. Сөйтсе, әлгі қария осыған дейін де тас жолды жалпағынан басқан екен.
Сақшылар 10 минуттың ішінде мына жерден жол ережесін бұзған 4 адамды қолға түсірді. Олар 100 метр әріректе жатқан арнайы өткелден өтуге ерінген еді. Енді айыппұлдың астында қалды.
Сақшылардың ескертуін тұрғындар мүлде елемеді. Олар шімірікпестен судай сапырылсқан көліктердің ортасынан жүгіріп өтуге тырысты. Бірақ сол маңайда арнайы салынған өткелдер бар еді. Жүргіншілер сондай орындармен жолдан өтулері керек. Әйтпесе, 11 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды.
Қанша ақталғанмен, қатулы полицейлер құжатсыз жүргіншілерді тіпті арнайы бөлімшеге алып кетті. Өйткені, дәл осындай ереже бұзған тұрғындардың кесірінен жол апаты жиі орын алатын болған. Жыл басынан бері 30 жол апаты жаяулардың әрекетінен болыпты.
«Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті осы Қазақстан бойынша жол көлік оқиғаларын азайту мақсатында және ең қауіпті жол оқиғалары болатын жерлерді табу мақсатында, жол көлік оқиғалары картасын ойлап тапсырған болатын. 2017-нің 7 айы бойынша жол көлік оқиғалары базасының мәліметтеріне сәйкес, 2691 жол көлік оқиғасы тіркелген болатын. Сол жол көлік оқиғаларының себебінен 7 ай бойынша 3275 адам зардап шеккен», - деді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің алматы қаласы бойынша басқармасының бөлім прокуроры Самат МҰСАҒҰЛОВ.
Жыл басынан бері Алматыда жол апатының кесірінен 56 адам қаза тапқан. Олардың үшеуі кәмелет жасына толмаған балалар. Прокуратураның мәліметінше, Алматы қаласы жол апаты бойынша Республикада көш бастап тұр. Былтырдың өзінде 5000-нан астам жол көлік оқиғасы тіркелген. Тәртіп сақшылары осы олқылықты жою үшін қала көлемінде арнайы рейд ұйымдастыруда.
«Кешегі күні біз 82 жаяу жүргіншіні айыппұлмен жазаладық. Өйткені, тиісті емес жолдарда жүріп, өздері жол ережесін бұзып, өрескелдік көрсетті. 32 автокөлікті біз айып тұрағына қойғыздық», - деді ІІД Жол патрульдік полициясы полкінің штаб басшысы Қанат ШАЛҚЫБАЕВ.
Полицейлер көліктерін тыйым салынған жерге қаңтарып кеткен жүргізушілерге айыппұл салды. Ал темір тұлпарын дұрыс қоймай, төбе көрсетпегендердің нөмірлерін шешіп алып кетті. Айта кетсек, көліктерін жұрыс қоймағандарға 23 мың теңгеге жуық айыппұл салынады.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы