Алматыда азаматтық қоғам институттарын дамыту бойынша Жол картасы қабылданды

26.05.2018 02:09

Алматы әкімі Бауыржан Байбек еліміздің Дін істер және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаевпен екі жақты меморандумға қол қойды. Жаңа құжат қалада жастар саясатын жүйелі жүргізуге, діни экстремизммен күресті күшейтуге және азаматтардың қоғамдық өмірге белсене ат салысуына септігін тигізеді. «Белсенді мегаполис» бірлескен жол картасы алғаш рет қабылданған құжат. Екіжақты келісімге Алматының қоғамдық кеңес мүшелері мен бірнеше басқарма басшылары келді. Алматы әкімі құжаттың маңыздылығын айтып, жол картасы бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Жалпы Алматы ол мемлекеттік емес ұйымдардың қаласы ғой. Сондықтан біз қолымыздан келгенше тиісті қаражат бөліп, оның тиімділігін арттырып жатырмыз. Біз әртүрлі топтармен, мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз жұмыс істейміз. Олардың пікірлерін тыңдап, қала үшін жүзеге асыру үшін тырысамыз. Сонымен қатар, қаламызда жастар саясатын жүйелі жүргізу мақсатында Елбасы тапсырмасына сәйкес өткен жыл «жастар жылы» болып жарияланып,  2020 жылға дейінгі жол картасы қабылданды», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

«Белсенді мегаполис» жол картасы аясында Алматыда Азаматтық орталық ашу, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған оқыту семинарлары мен әлеуметтік зерттеулер өткізу, Азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі «U38» университтер Альянсымен ынтымақтастықты бекіту сияқты шаралар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, дін саласында Алматы қаласының имамдары үшін оқу курстарын өткізу, республикалық семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру да күн тәртібіне қойылмақ. Министрдің сөзінше, Алматы әкімдігімен бірлесе жұмыс істеуге осындағы атқарылып жатқан жобалар себеп болыпты.

«Алматы енді жастардың қаласы. Студенттер қаласы. Қазіргі таңда Алматы шаһарында 206 мың студент бар екен. Бұл енді Отанымыздың болашағы. Зиялы қауым алдыдағы келе жатқан. Алматы ғылыми орталығы. Мен өзім ойламын, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру Алматыда ең жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр», - деді  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан КӘЛЕТАЕВ.

 Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысынан кейін қала әкімі Бауыржан Байбек пен еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне барды.