Алматыда студент қыз босанған баласын қоқыс жәшігіне тастап кеткен

14.03.2017 15:54

Тағы да бейкүнә бөбек бақилық болды. Алматыда 18 жасар студент қыз босанған баласын қоқыс жәшігіне тастап кеткен. Наурыздың оны күні таңғы алты жарым - жетілер шамасында, жаяу жүргіншілер, шырылдаған шақалақтың дауысын естіп қалған. Бейкүнә сәби Байтұрсын көшесі бойындағы Төле би мен Қарасай батыр көшелері арасында орналасқан қоқыс жәшігінен табылыпты. Тез арада полиция мен жедел-жәрдем қызметі келіп, жаңа туған нәрестені ауруханаға жеткізген екен. Өкінішке орай, дүниеге келген ұл бала шетінеп кетті. Көп уақыт өтпей полиция қызметкерлері сәбиді босанған ананы жақын маңдағы жоғары оқу орындары бірінің жатақханасынан іздеп тапты. Белгілі болғандай, студент қыз Қызылорда облысының тумасы және 2-курс студенті екені анықталды. Қыздың жағдайы ауыр болғандықтан, оған медициналық көмек көрсетілген. Ішкі істер департаментінің мәліметінше, қыз сәбиді жатақханада өзі босанған. Қазір студенттің денсаулығы тұрақталып келеді екен. Бірнеше күннен кейін тергеуді жалғастыру үшін келіншек полицияға тапсырылады.

«Сұрастыру барысында бұл баланы өзім қалаған жоқпын, сондықтан қоқыс тастайтын жәшікке салуды ұйғардым деп   алдын ала түсінік берді. Бірақ, осындай жантүршігерлік қылмысқа не итермелегенін алдағы процессуалдық тұрғыда жауап беретін болады. Аталмыш факт қылмыстық кодекстің 119 бабы бойынша қылмыстық бірыңғай реестрге тіркелген болатын. Яғни, қауіпті жағдайда қалдыру. Адамның, нәрестенің өліміне әкеліп соқтырған жағдай тудыру және қауіпті жағдайда қалдыру болып саралануда қазіргі таңда»,- деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.