Алматыда "Урбан-форум" зерттеу жұмыстарын жүргізді

Алматыда "Урбан-форум" зерттеу жұмыстарын жүргізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының халық көп шоғырланған ауданында тұрғындардың 80 пайызы билікпен қарым-қатынас орнатпайды. Urban Forum қатысушылары жүргізген зерттеулер нәтижесінде бұл көрсеткіштер Шаңырақ ықшам ауданында 85 пайызды, Орбитада 87 пайызды, ал, Тастақ ықшам ауданында 94 пайызды көрсетті. Демек тұрғындар ауданға қатысты мәселелерін билікпен шешпейтін болып шықты. Шаһарды дамыған ел қалалары қатарынан көру үшін шетелдік сарапшылар қандай кеңес берді.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Алматының халық көп шоғырланған аудандарының тұрғындары өңірдегі қоғамдық шаралардың өтуі жөнінен де бейхабар екен. «Тастақ» тұрғындарының 6 пайызы, Орбитаның 13 пайызы және Шаңырақ ауданы тұрғындарының 39 пайызы ғана ауданда өтіп жатқан шаралар туралы біледі. Осылайша, екінші рет ұйымдастырылып жатқан конференция - Urban Forum Almaty командасының жұмысын қорытындылаудан басталды. Алматының 3 ауданында жүргізілген зерттеуге сәйкес, Орбита, Тастақ, Шаңырақтағы тұрғындарының белсенділігі, қоғамдық ұйымдарға қатысуы және олардың осы аймақтардағы жұмыс орындарымен қамтылуы пайыздық деңгейде көрсетілді.

«Сол себепті Урбан форумға қатысушылары қоғамдық зерттеу жүргізді. Аудандардағы тұрғындардың бүгінгі жай-күйі қандай? Зерттеу ашық түрде жүрді, нәтижелері белгілі. Тастақ ауданына кеңес кезіндегі сәулетшілер өте берік, стратегиялық тұрғыда дұрыс жүйе тұрғызған. Әйткенмен, әлі де болса оны дамытуды қолға алып, қандай да бір өзгерістер енгізсек, жағдайды жақсартуға болады. Бұл аудан әлі де болса қаладағы ең ыңғайлы, жайлы аудан бола алады», - деді «Urban Forum Almaty» ұйымдастырушысы Әсел ЕСЖАНОВА.

Алматыдағы урбанистика орталығы қала әкімшілігінің қолдауымен 2016 жылдың қаңтарында құрылған. Сол уақыттан бері орталық қаланың, халықтың игілігі үшін жұмыс жасап жатыр. Шаһарды дамыту бағытында осы Urban Forum алаңы да ұйымдастырылды. Бұл шара аясында қала белсенділерінің мектебі құрылды.

«Қалалық әкімшілік үшін сіздердің шешімдеріңіз, ойларыңыз бен жобаларыңыз аса маңызды. Өткен жылы өткізілген форум біршама жақсы нәтиже көрсетті. Бірқатар жобалар таңдалды, солардың шеңберінде қала белсенділерінің мектебі құрылды. Алғашқы форум әкімшілік қарамағынан урбанистика орталығының ашылуына ықпал етті. Шынымен де, қаланы жандандыруға қатысты тақырыптарға қоғамның қызуғышылығы арта түскен. Халық көтерген бастамалардың, осындай дискуссиялық алаңдардың да өзектілігі артқан», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсел ЖҮНІСОВА.

Қаланы жандандыру мәселесін арқау еткен талқылау алаңына сырт мемлекеттерден сарапшылар келіп қатысты. Олар посткеңестік кезеңдегі қалалардың дамуын салыстыра келе, Алматының қазіргі даму қарқынындағы өзгерістерді бақылады. Ресейден келген маман шаһар дамуындағы ерекшеліктерге тоқталды.

«Қаланың әр бұрышында, әр аймағында кафе, мейрамханалардың бары, әрине қуантады. Кеңседе жұмыс істеп отырған қызметкер бір уақыт жұмыстан босап, сол жаққа барып, демала алады. Қалада саябақтар, желекжолдар сақталған. Демек, қала тұрғындарының қыдырып, демалуына жағдай бар. Сондай-ақ қалада көптеген зәулім сәулет ғимараттары сақталған», - деді әлеуметтік антрополог Святослав МУРУНОВ.

Форумға сәулетшілер, тарихшылар, маркетологтар мен кәсіпкерлер, шетелдік сарапшылар қатысты. Бас қосуда Алматының одан әрі қалай дамыту қажеттігі, инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі сөз болды. Бұл өз кезегінде Алматының әлем қалалары мен терезесі теңесуіне мүмкіндік береді.

Сая Меңдеке, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров