Алматыда 6 мың көлікке арналған автотұрақ салынады

15.03.2017 14:55

Алматыда биыл 6 мың автокөлікке арналған автотұрақ салынады. Ақылы тұрақтардың санын арттыру жоспары жыл соңына дейін аяқталмақ. Бір сағаты жүз теңге тұратын тұрақтардан  бюджетке түсетін түсімдердің саны да артқан. Тек қана инвесторлар арқылы жасалып жатқан паркингтер қаладағы көлік қою қиыншылығын жойып келеді.

Абзал ақылы автотұрақ аумағына кірген көлік жүргізушілеріне көмек береді. Елде енді ғана дамып келе жатқан жаңа жүйеге көнгісі келмейтін немесе төлем жасау үшін паркинг қызметін қолдана алмайтын жүргізушілермен жұмыс істейді. Алаңдағы көліктің қауіпсіздігіне де жауапты.  

«Аппараттар қағаз ақша алады. Бірақ бес жүз теңгеден жоғары мың, екі мың теңгелерді алмайды. Сол кезде барып ауыстыру керек. Көмектесеміз. Қай уақытта келсеңде орын бар. Реттеліп қалды деп жатады көбі», - деді инспектор Абзал ТӨРЕХАНОВ.

Ал мына Нұрлан есімді жігіт жеке адамдарға, анығында өзі білмейтін бастығына күнделікті жоспар өткізеді. Күндік жоспары үш мың теңге. Күні бойы дірдектеп тұрғанда тұрақтан алатын айылығы да жоқ. Тек он бес көлікке арналған аумақтан жоспарды орындаса ғана өзіне азын аулақ ақша қалады. Бұл «Барахолка» мен «Оптовка» аталып кеткен базарлар маңындағы көрініс.

Қала әкімшілігі бұндай заңсыз, жеке адамның қалтасына қаржы жинайтын жайттарды жою үшін паркингтер санын арттырмақ. Бейсауыт жүріп, көлік иелерінен қаржы жинайтын алаяқтық әрекеттер әр жерде бар. Әрі олар көліктің қауіпсіздігіне қарамайды. Сондықтан инвесторлар арқылы биыл тағы алты мың көлікке арналған паркинг ашылмақ. Қазірге дейін ашылған паркингетер 4200 көлікке шақталған. Бейнбақылау орнатылған, кіріп-шығу уақыты минутына дейін есептелетін паркингтер, әсіресе базарлардың алдында барынша көп ашылады.

«Ақылы парковка тұрған жерде төлемесе ол заң бойынша 3 МРП бірінші рет, екінші рет ұсталатын болса 5 МРП айыппұл төлейді. Ол заң іске асырылып жатыр. ІІБ- дағы орталық арқылы айып салу үшін ақпарат жібереміз. Күнде кем дегенде жүзден астам осы ақы төлемегендер шығып отыр», - деді «Алматы паркинг» МКМ директоры  Марат ПІРІНБЕКОВ.

Қаладағы автотұрақ мәселесі көп жылдан бері түрлі дауға түрткі болып келеді. Осы түйткілді шешудің жолы қолма-қол төлем жүйесін жою. Қазірге дейін қалада 60 паркинг терминалы орнатылған. Осы апараттар арқылы былтыр бюджетке 220 миллион теңге түсіпті. Паркингтерді ашуға 2 миллиард теңге инвестиция тарылған. Ал ақылы автотұрақ аумағына кірген мүгедектерден төлем талап етілмейді, қызмет тегін.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Теги: парковки