Дүлей бораннан астаналықтар көп зардап шекті

Дүлей бораннан астаналықтар көп зардап шекті
Жаңалықтармен бөлісіңіз
Астанадағы төтенше жағдай тоқтатылды. Дүлей боран қаладағы жиырмадан астам тұрғын үйді, төрт мектеп, үш балабақша мен бір жоғарғы оқу орнына айтарлықтай зақым келтірген. Табиғаттың тосын мінезінен келген шығынды санаған жергілікті билік осылай дейді. 39 азамат дәрігерлер көмегіне жүгініп, тағы екі тұрғын ауыр жарақат алған. 
Төтенше жағдай жарияланған 11-ші қаңтарда жергілікті полицияға екі мыңнан астам қоңырау түскен. Араларында қала маңындағы ауылдардан өз көліктерімен жолға шығып, қалып қойғандар да бар. Нәтижесінде, қаладан алыс емес Қоянды және Қызылсуаттың 20-ға жуық азаматы ескертуге қарамастан, жолға шыққан.  
«11 қаңтарда 102 нөміріне екі мың үш жүз қоңырау келіп түсті. Оның 172-сі жол-көлік ережесін бұзуға, 175-і жол оқиғасына байланысты болды. Сондай-ақ, 82 адам көлік құралдарының және басқа да мүліктерінің бүлінгендігіне шағымданды. Полиция қызметкерлері қар құрсауынан шамамен 70 көлікті шығарып, 17 адамды қауіпсіз жерге жеткізген»,-деді Астана қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, Арман АЙТЫБЕКОВ.
Секундына 30 метрге дейін жеткен боран аралас жел айналаны ақ түтек қылып, көптеген заттарды қиратқан. Тіпті, көшеде қалған адамдардың ыққа жетуі қиын болды. 
Жалпы, кеше дәрігерлердің көмегіне түрлі жарақат алған 39 адам жүгінген. Тағы екі тұрғын ауыр жарақат алып, олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр.
«Жабық бас сүйек-ми жарақатымен 1966 жылы дүниеге келген науқас ауруханаға жеткізілді. Оған ота жасалды. Жедел жәрдемді «Жасыл орам» тұрғын үй кешені аумағынан өтіп бара жатқан адам шақырған. Науқас ес-түссіз жатыр. Сондықтан қазіргі уақытта оның жарақатты қалай алғанын білу мүмкін емес. Ал, екінші пациенттің басына ғимараттың сыртқы қаптамасы құлап кеткен»,-деді Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Камалжан НАДЫРОВ.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жариялаған төтенше жағдай  тоқтатылды. Тексеріс барысында 26 тұрғын үй кешені зақымданғаны анықталған. Көбіне үйлердің қасбеттері ұшып, терезелері сынған. Боран кезінде 4 мектеп, 3 балабақша айтарлықтай бүлініп, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агроттехникалық университетінің шатыры жартылай жұлынған. Ал, әкімдік өкілдері зардап шеккендердің шығынын есептеп жатыр.   
«Қазіргі уақытта шығындарды орнына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек 16 аялдама бүлініп, 131 бағдаршам орнынан қозғалып кетті. Пәтер иелері кооперативтерімен және тұрғындармен аудан әкімдері тығыз жұмыс жасауда. Келтірілген шығындар есептелуде»,-деді Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, Эльвира ЖҮРГЕНБАЕВА.
Әлеуметтік желідегі қауым ауа-райы бұзылғанда азаматтарды нысандардан ұшқан құрылыс заттарынан абай болуға шақырды. Кейбірі үйіндінің астында қалған көліктердің бейне-фотоларын жүктеп жатты. Алдын ала болжам бойынша 50-ден астам темір тұлпар бүлінген. Қазіргі кезде сақтандыру компаниялары зардап шеккен көлік иелері үшін арнайы қауырт желі де байланысын ашқан. 
«Қазірге дейін 50-ден астам автокаск полисі мен сақтандыруы бар көлік иесі бізге хабарласты. Біз олардан сақтандыруды растайтын қағаздарды күтіп отырмыз. Құжаттар жеткен соң, төлемдерді береміз. Астанадағы бөлімде бораннан зардап шеккен көлік иелері үшін 5678 нөмірі бойынша қауырт желі ашық. Мамандар демалыссыз жұмыс істейді. Жалпы, барлық көліктерді санағанда, 10 миллионнан артық сақтандыру төлемдерін қайтаратын боламыз,-деді Сақтандыру компаниясының атқарушы директоры, Шәкір ИМИНОВ.
Ал, екі күннен бері қала сыртына 82 мың текше метр қар шығарылған. Көшелерді ақұлпадан тазарту жұмыстарына 2 мыңнан астам жұмысшы, 2600 арнайы техника жұмылдырылды. Төтенше жағдай департаментінің мамандары қазір Астанадан өзге 6 қалаға апаратын тас жолдар ашық деді. Алайда, ауа-райының күрт өзгерісі байқалса, жолдар қайтадан жабылуы ықтимал. Естеріңізге сала кетейік, күні кеше синоптиктер еліміздің басым бөлігінде ауа-температурасы төмендеп, аяздар басталатындығын ескерткен еді.  

Новости партнеров