Астанада мейрамхана әкімшісі сотталды

23.11.2017 21:52

Астанада 23 той иесінен 20 миллион теңгеден артық соманы жымқырған мейрамхана әкімшісі сотталды. 31- жастағы алаяқ әкімші клиенттерден алдын-ала кепіл ақшаларын алып, артынан ештеңе өткізбей, ізін суытып отырған. Қылмыстық әрекетін 4-5 ай бойы жалғастырған азамат соңында қамауға алынып, тергеу амалдары басталған еді.

Астаналық «Порта Фортуна» мейрамханасының бұрынғы әкімшісі Сәбит Бесенбаевқа қатысты тергеу жұмысы жарты жылға созылды. Ол барлық жағдай анықталғанға дейін, уақытша ұстау изоляторында қамауда болған еді. Үкім шығару барысында айыпталушы өз кінәсін мойнына алғанымен, жапа шеккендерге қаржыны қайтармағындығы белгілі болды.

¤«Қабылданған сот шешімі өзгеріссіз қалады. Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 190-шы бабы, 3-ші  тармағы бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жаза мерзімін 2017 жыл шілденің 6-нан саналады. Бесенбаевтан моралдық және материалдық нұқсаны үшін зардап шегушілерге қаржы өтелсін», - деді Судья Гүлжан ҰБАШЕВА.

¤Дегенмен, сотқа келгендер мен олардың адвокаттары «сот үкімін тым жеңіл», - деді. Онымен келіспейтіндігін айтты. Алдағы уақытта жәбірлденуші тарап «қайта шағымданамыз», - деді.

¤«Сот үкімімен келіспейміз. Қайта шағымданатын боламыз. Біздіңше, 3 жыл 6 ай дегеніміз өте аз. Өйткені, ол жапа шеккендердің ешқайсысына қаржыны өтеген жоқ», - деді зардап шегуші тараптың адвокаты Бағдат ТОҚАНОВА.

¤Сот барысында айыпталушы камераға тіке қарай алмады. Ал, жұбайы өзінің бет жүзін көрсетпеуді сұрады. Оның айтуынша, мектеп жасындағы екі баласы әкесінің қамауға алынатындығын білмейді екен.