Балалар үйінің 300-ден астам тәрбиеленушісі республикалық фестивальде бақ сынап жатыр

30.06.2018 20:20

Астананың 20 жасқа толуына орай еліміздің әр өңірінен 300-ден астам ата-ана қамқорынсыз қалған бала Елордада бас қосты. «Бүгіннің баласы, болашақтың- данасы» республикалық фестиваліне жиналғандар өнер сайысының алты түрінен сынға түседі. Екі күн бойы жалғасатын мәдени шараға отанымыздың сахна майталмандары қазылық етпек.

Халықаралық фестивальға Шығыс Қазақстан облысынан келген Равиль Фомин жасына қарамастан, өзі тәрбиленетін балалар үйінде «ағаш ұстасы» деген атаққа ие. Жанына ағаш материалынан әскери тақырыптағы мүсін мен түрлі жиһаз жасау жақын. Сондықтан Равиль сайысқа Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды батыр қыздардың мүсінін жасап әкелген. Бала болашақта осы ісін жеке кәсіпке айналдырмақ.

«Алдымен жиһаз жасушы мамандығына оқып аламын. Соның арқасында бірден 3 мамандықты алып шығамын. Ал уақыт өте жеке кәсібімді ашсам деймін. Осылайша өзімнің өмірімдегі басты ісім - жиһаз жинаушы болу. Ал мына ағаш мүсіндерді жасауды тоқтатпаймын. Бұл бос уақытымда айналысар сүйікті ісім»,-деді қатысушы

Равиль ФОМИН.

Ал Ангелина Деекеева  Тараздан келген. Ұлты орыс қыз, қазақшаға судай. Абай Құнанбаев, Қасым Аманжолов, Александр Пушкин мен Сергей Есениннің өлеңдерін жатқа білетін қыз бала жарысқа Мұқағали Мақатаевтың өлеңін дайындап келіпті.

«Мен Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға» деген өлеңін оқыдым. Балалар өте талантты. Маған ұнады. Фестиваль өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Көркемсөзбен айналысқаныма екі жыл болды»,-деді қатысушы Ангелина ДЕКЕЕВА

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп жатқан республикалық «Бүгіннің - баласы, болашақтың - данасы» фестивалі көркемсөз, эстрадалық вокал, қазақ халық биі, қолөнер, қазақ ұлттық киім үлгісі мен қазақ хореография өнеріне жақын балалардың басын қосқан.

«Осы фестиваль елордамыз- Астананың 20 - жылдығына арналған үлкен бір іс-шара.  Қазақстанның түпкір-түпкірінен 300-ден астам бала келіп жатыр.  Астанамыздың 20-жылдығы болып жатқан кезде, Қазақстанның түкпір-түкпірінен балалар келіп жатқсан кезде, оларға да үлкен сыйлық деп ойлаймыз»,-деді «Бүгіннің - баласы, болашақтың - данасы»  Республикалық балалар фестивалінің бас режиссері Бақытжан ТАЖЕНОВ. 

Республикалық деңгейде бірінші рет ұйымдастырылған мәдени шараға әділқазы ететіндер елге еңбегі сіңген өнер иелері. Олар да елдің әр түпкірінен келген балалардың шығармашылықтарына тәнті болғанын жасырмады.

«Тағдырлары ерекше балалардың осындай қолдау көрсетіп, олардың жүрегіне сенім орнатып, болашаққа деген қадамына, сенімді қадам басуына үлкен демеу болатын, жүректеріне демеу болады деген сенімдемін. Әрине, талантты балалар бар. Жалпы, балдардың өздеріне сенімін арттыруға өте жақсы фестиваль»,-деді әнші Жеңіс ЫСҚАҚОВА .

Фестиваль екі күнге созылады. Үздік атанғандар бағалы сыйлықтан бөлек, болашақта шетелде өтетін түрлі жарыстарға жіберілетін болады.

Нұржан Садырбай, Алматы телеарнасы.


Теги: фестиваль