Қазақстанда алғаш рет ұшқышсыз басқарылатын әуе апараттары арасында жарыс өткізілмек

02.08.2017 15:18

Қазақстанда алғаш рет ұшқышсыз басқарылатын әуе апараттары арасында жарыс өткізілмек. Сайыста Ресей, Иран және Қазақстандық командалар бақтарын сынайды. Дода 3 кезең бойынша өткізіледі. Одан бөлек, сарбаздар нысана көздеу бойынша да өздерінің қарым-қабілеттерін танытады. Сайдың серке тасындай іріктелген жігіттердің дайындығына тілшіміз Өмір Әнуарбек куә болды.

Халықаралық дода театрландырылған қойылымнан басталды. Сарбаздар қазақ қарулы күштерінің қалай құрылғанын қалың көрерменге паш етті. Керзі етік киіп, қару асынған шетелдік әскерлер Қазақстанға осымен 2-ші мәрте келіп отыр. Олар тартысты додада бақтарын сынап, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтауға бекінген.       «Бүгінде халықаралық армия ойындарының өткізу өзіндік дәстүрі қалыптасты. Біздің елдердің әскери қызметшілері ойындар шеберінде қарым қабілетін шыңдап, кәсіби деңгейін арттыруда»,- деді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Сәкен ЖАСҰЗАҚОВ.


Биылғы әскери ойындарға төрткүл дүниенің түпкір-түпкірінен 28 команда келген. Жарысқа ұзын-ырғасы 400-ге жуық сарбаз қатысады. Олар бес қаруын сайлап, сайыста топ жаруға білек сыбанған екен. Байқау 3 кезеңнен тұрады. Алғашқысы ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды ұтымды басқару. Кейін, нысана көздеп, мергендіктерін танытады.            


«Аптап ыстықта сайысқа түсу қиын әрине. Бірақ біз бейімделіп үлгердік. Қазақстанда өткізіліп жатқан бұл жарысқа біздің команда алғаш рет қатысып жатыр. Тәжірибие алмасамыз деп ойлаймын»,- деді Миномётты жасақ командирі (Беларусь), Роман ТРУБЧИК.

«Біз армия ойындарында осымен 2-ші мәрте бақ сынап отырмыз. Қазақстанның қонақжайлығына тәнтіміз. Біз үшін осындай ауқымды жарысқа қатысу үлкен мәртебе»,- деді Команда капитаны (Зимбабве), Фортун БРОНДАНСИМБА.

Ұшқышсыз басқарылатын аппараттар арасындағы жарыс елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған Ресей, Иран және Қазақстандық командалар қатысады. Әлгі құрылғылар қауіпті аймақтарды қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді. Яғни, жауынгерлер қай аумақта қандай қақтығыс болып жатқанын лезде анықтап, дұрыс тактика құрулары тиіс.  

Жарысты Қазақстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Венесуэла елдерінің артелисттері бастады. Жауынгерлер түрлі кедергілерден өтіп, нысанаға дәл тигізу керек. Командалар бірінші айналымда пулемет, екіншісінде минамет, соңғы айналымда гранатамен атады. Жеңіске жету үшін жылдамдық пен дәлдік қажет. Өйткені, нысанадан мүлт кеткен топ қосымша тағы да бір айналымға жіберіледі.

Сарбаздар артиллериялық оқ атудан сайысқа түсті. Тартысты өткен жарыста қазақстандық команда топ жарды, екінші орын Әзірбайжандықтарға бұйырды. Ал, үздік үштікті Венесуэла елінен келген жауынгерлер түйіндеді. Армия ойындары байқауы 9-шы тамызға дейін жалғасады.

Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы