Қазақстанда бақша дақылдарын аэропоника әдісімен өсіретін жылыжай ашылмақ

24.08.2017 10:28

Қазақстанда осы күзде бақша дақылдарын аэропоника әдісімен өсіретін тұңғыш жылыжай ашылмақ. Жобаны жүзеге асыруға алматылық өнертапқыш кіріскен. Ол күн сәулесін қажет етпейтін, әрі топырақсыз көкөніс өсірудің жолдарын тауыпты. Оның есімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» ұсынылған.

Талай жылдан бері химия саласында ізденген Диас Тастанбеков үйін бау-бақшаға айналдырып, өсімдік өсіруге кірісіпті. Ол отбасымен жыл 12 ай өз қолымен өсірген өнімдерді тұтынады екен. Бір қызығы, Диастың бақшасындағы көкөністер топырақта емес, суда өседі. Тіпті, күн сәулесін де қажет етпейді. Өнертапқыш мұндай тың тәсілмен жылыжай ашуды да көздеп отыр. Елімізде бақша өнімдерін аэропоника әдісімен өсіретін тұңғыш жылыжай Қарағандыда орын тебеді. Онда бастапқыда күніне 30 келі салат өсімдіктері өндірілмек. Жоба авторы өнімдерді сатып алатын мейрамханалармен де келісіп үлгерген.

«Өсімдікті кез келген жерде топырақсыз өсіруге мүмкіндік беретін аэропоника тәсілі Қазақстанға қажет. Біздің еліміздің кей жерлерінің топырағы құнарсыз  болғандықтан, көкөніс өсіруге жарай бермейді. Ал мұнда технология күрделі емес. Өсімдік автоматтандырылған тәсілмен өседі. Тіпті топырақ алмастырушы заттар да қажет емес. Тек жасанды жарық сәулесі, көмірқышқыл газы, суға салатын қоректендіргіш сынды негізгі заттар жеткілікті», - деді химик, компания директоры Диас ТАСТАНБЕКОВ.

Өнертапқыштың тың идеясы мұнымен шектелмейді. Ол компьютерден шыққан шимай парақты мұнтаздай алатын құрылғы да ойлап тауыпты. Онысын алдағы уақытта автоматтандыруды қолға алмақ. Ел білмейтін еңбегі көп Диас Тастанбеков қазір «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына көппен бірге ұсынылып отыр. Қазір аталмыш жобаға қатысуға ниет етіп, ел аумағынан өтініш білдіргендер қызу іріктеліп жатыр.

«Бір азамат өзінің бір бүйрегін қарындасына берген аман алып қалу үшін. Осындай бауырмалдық Қазақстан халқына белгілі бір үлгі боларлықтай қадам деп ойлауға болады. Біреулер бар жақсы табыс тауып кәсіппен айналысып, өзінің ақшасының біраз бөлігін қоғамға ұсынады. Қолдау есебінде, басқа есебінде.  Біреулер ғылыми жағынан. Әсіресе, ғылыми жағынан көп. Университетте жұмыс істеп жүргендер осы уақытқа дейін жасаған еңбектерінің барлығын менде осы 100 адамға лайықпын деп ұсынып жатыр. Сондықтан бұл жерде ешқандай шектеу жоқ», - деді  сараптама комиссиясының мүшесі Дос КӨШІМ.

Жас пен жасамыстың да еңбегін көрсетуге мүмкіндік беретін жобаға ұсынылған жанның бірі - Алмат Қодасбаев. 1996 жылдан бері талай жанның дертіне шипа болған ақ халатты бүгінде Алматыдағы кардиохирургиялық орталықтың бас дәрігері. Дәрігерлік қызметінде талай күрделі отаны өткерген. Білікті кардиохирург тіпті екі аяғы мен бір қолы жоқ азаматтың жүрегіндегі қан тамырларын да ауыстырыпты.

«Біздің қазіргі алдыға қойған мақсатымыз - жетілген, заманауи, жоғары деңгейдегі кардиохирургиялық орталықтармен бәсекелестікке түсетіндей осы Алматы қаласының медициналық қызметіне, заман талабына сай көмек көрсете алатын медициналық орталық дәрежесіне жету», - деді хирургиялық орталықтың бас дәрігері Алмат ҚОДАСБАЕВ.

Қазір «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысу үшін еліміздің әр түкпірінен өтініштер келіп жатыр. Олардың барлығы арнайы сайтқа жүктелуде. Арнайы комиссиясы әр ай сайын базаны сүзгіден өткізіп, ішіндегі іріктелгендерін орталық жинақтайтын қорға өткізеді екен. Ал Тәуелсіздік жылдарында ел дамуына өз үлесін қосып, үлгі-өнеге болған 100 адамның есімі жыл соңында белгілі болмақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы